Шымкенттік 20 жастағы азамат Ресейге табыс табуға барып, соғыс алаңынан бір-ақ шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Бүгінде шарасыз күйде отырған жігіттің анасы отандық БАҚ арқылы көмек сұрап, жанайқайын білдірді. Оның айтуынша, ұлы 27 тамызда шекара асқан. Орыс тілін нашар білетін азаматты жергілікті өкілдер «мектеп пен балабақшаны күзетесің» деп алдап, құжатқа қол қойғызған, ал артынан майданға жіберілетінін айтып сес көрсеткен.
«Егер бұл шартты орындамасаң, бас бостандығыңнан айырамыз деп қорқытқан. Содан кейін баламды қорқытқан: «Егер бармайтын болсаң, 15 жылға соттатып жібереміз» деген. Қорыққанынан еріп кете берген ғой. Енді қазір күніге хабарласады. Жанайқайы шығып жылап, «құтқарыңызшы, анашым» деп. Балам қазір полигонда отыр екен», — дейді жігіттің анасы Перизат Елеусізова.
Таяуда ғана әскерден келіп, күзетші болып нәпақа тауып жүрген жігіт Ресейдегі «тегін тамақ, тегін жатақхана және жоғары жалақы» туралы уәдеге сеніп, анасын әрең көндірген. Ал қазір туыстары құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүр.
Аталған жағдайға байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасап, бұл мәселені бақылауға алғанын жеткізді.
«Бұл мәселе бойынша Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолданды. Ресей тарапымен тиісті жұмыс жалғасуда. Жұмысымыздың нәтижесі бойынша қосымша хабарлаймыз», — деп хабарлады ҚР СІМ өкілдері.
Мамандар бұндай сұмдық оқиғалардың жиілеп кеткенін ескертеді. Заңгерлер азаматтарды бос сөзге сенбей, шетелдегі кез келген келісімшартты мұқият оқуға шақырады.
«Өтірік айтпасам, аптасына бір ата-ана хабарласады: «Біздің баламыз сол жаққа кетіп еді, жоқ боп кетті, хабар жоқ, бір апта болды, екі апта болды». Одан қалса байланысқа шықпай қояды немесе «мен соғысқа кетіп бара жатырмын» деп жазады, болды. Келісімшартта не жазылып тұр, сол ғана болады. Ал менеджерлер отырып алып, барған кезде керемет қонақ үй, керемет жалақы аласыздар, сіздерді күтіп алады деген сөздері жазбаша келісімшартта жоқ болатын болса, ол орындалмайды», — дейді заңгер Мейірман Шекеев.