Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Мен үшін үлкен мәртебе!»: Мәулен Әшімбаев жаңа лауазымға ие болды

22:00, 02 қазан 2026

Мәулен Әшімбаев Шейх Заид атындағы халықаралық сыйлықтың қазылар алқасының құрамына енді, деп хабарлайды  Alash.kz.

Экс-Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы үшін» халықаралық сыйлығының 2027 жылғы лауреаттарын анықтайтын қазылар алқасының құрамына кірді.

Саясаткер Әл-Азһардың Бас имамы Ахмед ат-Тайебтің ұсынысымен қазылар алқасының құрамына енгенін айтып, беделді сыйлықтың мән-маңызына тоқталды.

«Бүгінде халықаралық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі – мәдениеттер, діндер мен халықтар арасындағы бейбітшілік, келісім және диалогты сақтау.

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықаралық деңгейде диалог пен өзара іс-қимыл мәдениетін ілгерілету мәселелерін үнемі көтеріп келеді.

Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін еліміз көптеген мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтастық орнатқан.

Бейбітшілік пен өзара түсіністікті ілгерілетуге бағытталған жаһандық деңгейдегі маңызды бастамалардың бірі – 2019 жылы Абу-Дабиде марқұм Рим Папасы Франциск пен Әл-Азһардың Бас имамы Ахмед ат-Тайеб ұсынған Адамзат бауырластығы идеясы.

Бүгінде бұл бастама көптеген мемлекет, халықаралық институттар мен танымал тұлғалар қолдайтын халықаралық қозғалысқа айналды.

Адамзат бауырластығы идеясын және мәдениеттер мен діндер арасындағы диалогты ілгерілетуге үлес қосқан жекелеген тұлғалар мен ұйымдардың еңбегін ұлықтау мақсатында Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылығы Ватикан мен Әл-Азһардың қолдауымен Шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы үшін» жыл сайынғы сыйлығын тағайындады.

Әр жылдары бұл сыйлықтың лауреаттары қатарында Рим Папасы Франциск, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Иордания королі Абдалла II және басқа да көрнекті қайраткерлер болды», – деп жазды ол.

Оның айтуынша, жыл сайын беделді сыйлықтың қазылар алқасының құрамына бірнеше адам іріктеледі. Биыл ол қазылар алқасының құрамына енген.

«2027 жылғы лауреаттарды анықтайтын қазылар алқасының құрамына Әл-Азһардың Бас имамы Ахмед ат-Тайебтің ұсынысымен ену – мен үшін үлкен мәртебе.

2027 жылғы сыйлықтың қазылар алқасының құрамына Португалияның бұрынғы президенті Марселу Ребелу де Соуза, БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары, Ирактың бұрынғы президенті Бархам Салех, Ливанның бірінші ханымы Нехмат Аун және Папа кеңесінің мәдениет жөніндегі құрметті төрағасы, кардинал Джанфранко Равази да кірді.

Әл-Азһардың Бас имамы Шейх Ахмед ат-Тайебке және Шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы үшін» сыйлығының Бас кеңесшісі Мұхаммед Абдельсаламға көрсеткен қолдаулары үшін алғысымды білдіремін.

Қазылар алқасының құрамындағы жұмысым бейбітшілік пен өзара түсіністік құндылықтарын ілгерілетуге, сондай-ақ Қазақстанның мәдениетаралық және дінаралық диалог саласында жинақтаған тәжірибесін таныстыруға тағы бір мүмкіндік береді деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар