Қонаев қаласында топтық зорлау туралы мәлімдеген Эльмира Горбаева полиция қызметкерлерінен кешірім сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұған дейін, яғни 23 қыркүйекте ол өзін бірнеше ер адам зорлағанын айтып, құқық қорғау органдарына жүгінген болатын. Әйелдің сөзінше, ол алдымен ҰҚК-ға барғанымен, оны полицияға бағыттаған.
Кейін 29 қыркүйекте Эльмира Горбаева Threads желісінде көмек сұрап, оқиға туралы жазба жариялады. Сондай-ақ видео түсіріп, онда тәртіп сақшыларының пәтеріне келіп, есігін қаққанын, құлыпты бұзуға әрекеттенгенін және заттай дәлелдерді алып кетпек болғанын алға тартқан. Аталған жағдайдан соң Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растаған еді.
Алайда кейіннен әйелдің Threads парақшасындағы бұған дейінгі барлық жазбалары мен видеолары өшіріліп, орнына ресми мәлімдеме жарияланды.
«Видеоларымда шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат айттым. Мені адастырды, сол кезде психологиялық тұрғыда қиын жағдайда болдым. Мені осы жағдайға үшінші тұлға жеткізді, ол бұдан пайда тапты. Барлық айтқан сөздерім үшін полициядан кешірім сұраймын. Полиция бұл мәселемен айналысып жатыр. Екі ер адам ұсталды», — деп жазды Эльмира Горбаева.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері аталған іс бойынша екі күдіктіні ұстап, мәселенің мән-жайын анықтауды жалғастыруда.