Алматыда 81 жастағы қарияны ұрлап әкетіп, жалғыз баспанасын тартып алмақ болғандардың ісі сотқа жолданды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, бұл оқиға биыл сәуір айында болған. Түркісіб ауданында тұратын жалғызбасты зейнеткердің жоғалып кеткені туралы полицияға оның танысы хабарлаған. Бірден іздеу жұмыстарына кіріскен тәртіп сақшылары қарияны қала сыртындағы ауылдардың бірінен тапты.
Зейнеткерді ұрлады деген күдікпен үш адам, яғни екі еркек пен бір әйел қолға түсті. Соқталдай үш күдікті 81 жастағы қарияны бірнеше күн бойы ұрып-соғып, үйін өз аттарына жазып беруге мәжбүрлеген. Күдіктілердің түпкі мақсаты зейнеткерді жалғыз баспанасынан айыру болғаны анықталды.
Тергеу барысында ұсталған күдіктілердің бірі: «Адамды ұрлап кетіп, өз үйімде ұстадым. Адам ұрлағанымды, өз кінәмді толықтай түсінемін», — деп жауап берді.
Қазіргі таңда іс материалдары сотқа жолданды. Айта кетейік, заңнамаға сәйкес адам ұрлау бабы бойынша қылмыскерлерге 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.