Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында бокстан финалдық жекпе-жектер мәресіне жетіп, еліміздің спортшысы Айбек Оралбай чемпион атанды, деп хабарлайды Alash.kz.
+90 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен әлем чемпионы Айбек Оралбай финалда өзінің басты қарсыласы, өзбекстандық Жахонгир Зокировпен қолғап түйістірді. Алғашқы раундтан-ақ қос боксшы шаршы алаңның ортасын бермей, өзара белсенді соққы алмасты. Тартысты өткен жекпе-жекте Айбек Оралбай өзінің дәл соққыларымен басымдық танытып, төрешілердің бірауыздан шығарған 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Әлем чемпионы әрі 3 дүркін Азия чемпионы атағы бар Айбек Оралбай өз мансабында алғаш рет жазғы Азия ойындарына қатысып отыр. Ол жарыс барысында ш ширек финалда қырғызстандық Мирзакир Кошалиевті (5:0), ал жартылай финалда үндістандық Нарендерді (5:0) ұтқан болатын.
Айта кетейік, бұған дейін осы аса ауыр салмақта Азия ойындарында 1998 жылы Таиландта Мұхтархан Ділдәбеков, ал 2014 жылы Оңтүстік Кореяда Иван Дычко чемпион атанған еді.
Осылайша, Айбек Оралбайдың бұл триумфынан кейін бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Азия ойындарын 2 алтын және 1 қола жүлдемен аяқтады.