Танымал актер Жанболат Найзабеков анасының көру қабілетінен айырылуына байланысты отбасында болған ауыр сәттерді еске алып, Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында ағынан жарылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл жағдай өнер иесінің қабырғасын қайыстырып, жақынына көмектесе алмағандай дәрменсіз күй кештіргенін жеткізді.
«Бесінші ұлым дүниеге келген кезде анам үйге келді. Залда отырып: «Немеремнің даусын естимін, бірақ өзін көре алмай отырмын. Түк көрмеймін» деді. Сол сәтте қатты қиналдым. Бірдеңе жасағым келеді, бірақ қолымнан ештеңе келмейтіндей сезіндім. Бұл да бір сынақ», — деді Жанболат Найзабеков.
Сонымен қатар актер әкесінің де кезінде көз дәрігері болғанын, алайда жарының жанарының солуына көмектесе алмай, дәрменсіз болғанын еске алды. Актер сұхбат барысында анасының орындалмай қалған үлкен арманы — Дубайға сапары туралы да сыр шертті.
«Анам «Балам, байыған кезде Дубайға апаршы» дейтін. Мен «апарамын» деп жауап беретінмін. Қазір апаруға мүмкіндігім бар. Бірақ анам оны көре алмайды. Адамның амалсыз қалуы деген осы шығар», — деп өкінішін білдірді актер.