Алматыда алдағы жауын-шашынға байланысты коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметтері дайындық жұмыстарын күшейтті, деп жазады Alash.KZ
Қазгидрометтің болжамына сәйкес, 1 қазан күні сағат 18:00-ден кейін қалада аздаған жаңбыр жауып, найзағай болуы ықтимал. Жауын-шашын мөлшері 1-2 мм шамасында болады деп күтіледі.
2 қазанға қараған түні және таңғы сағат 09:00-ге дейін кей уақыттарда жаңбыр көлемі 2-4 мм-ге дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15 метрге дейін күшейеді деген болжам бар.
Жауын-шашын салдарынан көшелерді су басу қаупінің алдын алу үшін қала қызметтері қажетті техникалар мен мамандарды алдын ала әзірледі.
Құтқару қызметінің қарамағында бір ассенизаторлық көлік пен 15 мотопомпа дайын тұр. Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінен 240 қызметкер, 53 арнайы техника және 54 мотопомпа жұмылдырылмақ.
Сондай-ақ су басуы ықтимал учаскелерді бақылау және қажет болған жағдайда суды жедел сору үшін құрамында 416 жол жұмысшысы бар 70 жедел бригада кезекшілікке шықты.
Әкімдік мәліметінше, жалпы 252 арнайы техника, 48 мотопомпа және 18 ассенизаторлық машина дайындалған. Ассенизаторлық көліктер ықтимал су басу қаупі бар аумақтарға алдын ала орналастырылған.
Бұдан бөлек, төтенше жағдай кезінде пайдалануға арналған 2,4 мың құм толтырылған қап әзірленді.
Қала қызметтері ауа райына байланысты жағдайды бақылауда ұстап, жауын-шашын күшейген жағдайда су басқан учаскелердегі салдарды жедел жоюға дайын екенін мәлімдеді.