Ресейге жұмыс істеу үшін барған бірнеше қазақстандық азамат өздерін алдап, соғыс аймағына жіберіп жатқанын айтып, көмек сұрады, деп жазады Alash.KZ
Жастардың айтуынша, олар бастапқыда Ресейге жұмысқа орналасу мақсатымен барған. Оларға «БАРС» атауы мен логотипі көрсетілген құжаттарға қол қойып, күзет қызметінде жұмыс істейтіндері түсіндірілген.
Алайда келесі күні жағдай өзгерген. Жастардың сөзінше, бұған дейін қол қойылған құжаттар жойылып, орнына басқа құжаттар ұсынылған. Олар жаңа құжаттарға қол қоюдан бас тартқан кезде, өздеріне қысым көрсетіліп, «артқа қайтар жол жоқ» және қарсылық білдірсе, түрмеге қамалатыны айтылған.
Қазақстандықтардың мәліметінше, қазіргі уақытта олар Луганск маңындағы аумақта болуы мүмкін. Жастар өздерін кезек-кезек ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймаққа жіберіп жатқанын мәлімдеген.
Оқиғаға байланысты қазақстандықтар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек көрсетуді және жағдайды шешуге ықпал етуді сұрады.
Олардың нақты қай жерде екені және жағдайының қазіргі ахуалы әзірге белгісіз. Бұл мәліметтер азаматтардың өз сөздеріне негізделген, ал оқиғаның мән-жайын тиісті органдардың ресми түрде анықтауы қажет.