Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында ер адам жұбайының Instagram парақшасындағы суретке лайк басқан азаматқа пышақпен шабуыл жасаған. Сот оған үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағанымен, жазаны шартты түрде өтеуге мүмкіндік берді, деп жазады Alash.KZ
Оқиға 2026 жылғы 10 мамырда түнгі сағат 02:00 шамасында болған. Сот материалдарына сәйкес, сотталушы жұбайының Instagram парақшасындағы фотосуреттерге лайк қойған ер адаммен жанжалдасқан.
Кейін ол қалтасынан алдын ала дайындап қойған ағаш сабы бар жиналмалы пышақты алып, жәбірленушінің денесіне бірнеше рет соққы жасаған. Сот мәліметінше, пышақ жәбірленушінің қуық тұсына екі рет және жауырын аймағына бір рет сұғылған. Оқиғадан кейін шабуыл жасаған ер адам бой тасалаған.
Пышақ жарақаты салдарынан жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келген. Медициналық сараптама ішкі ағзалардың зақымдануымен қатар, іш қуысына еніп кеткен жарақат анықтаған.
Сотта не айтылды?
Сотталушы тағылған айыпты толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтқан. Ол жәбірленушіден кешірім сұрап, мұндай жағдайды енді қайталамайтынын жеткізген. Сондай-ақ соттан өзін бас бостандығынан айырмауды өтінген.
Мемлекеттік айыптаушы ер адамға үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәнібек аудандық соты оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Алайда сот Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып, бұл жазаны шартты түрде өтеу туралы шешім қабылдады. Сотталған адамға үш жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.
Сотталған азаматқа қандай талап қойылды?
Пробациялық бақылау кезеңінде ер адамға бірқатар міндет жүктелді. Атап айтқанда, ол пробация қызметін алдын ала хабардар етпей тұрақты тұрғылықты жері мен жұмыс орнын өзгерте алмайды.
Сонымен қатар алкогольдік ішімдік сатылатын қоғамдық орындарға, соның ішінде кафе, бар және мейрамханаларға баруына тыйым салынды.
Сотталған азамат пробация қызметінің келісімінсіз басқа елді мекендерге де шыға алмайды. Бұдан бөлек, ол сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін үйінде болуы және қасақана жаңа құқық бұзушылықтарға жол бермеуі тиіс.
Сот үкімі заңды күшіне енді.