Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловтың үстінен Ресей прокуратурасы шағым түсірді

13:51, 02 қазан 2026

Ресейдің Бас прокуратурасы қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловқа, А.С. Щукинге және Freedom Holding-пен байланысты W-Empirical Holding Corp., Freedom Holding Corp., Freedom Finance Europe Ltd. сияқты бірқатар компанияға қарсы Мәскеудің Тверь аудандық сотына талап арыз түсірді, деп хабарлайды Alash.kz.

Сот картотекасындағы мәліметке сәйкес, әкімшілік талапкер ретінде Ресей Федерациясы Бас прокурорының орынбасары көрсетілген. Аталған іс әкімшілік және өзге де жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар санатына енгізілгенімен, Ресей Бас прокуратурасының нақты қандай талап қойғаны әзірге жарияланған жоқ. Іс бойынша алдын ала тыңдау 15 қазанға белгіленіп отыр.

Ақпарат тарағаннан кейін Freedom Holding Corp. баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасап, қазіргі таңда талап арызды зерттеп жатқанын хабарлады.

«Бас прокуратура холдингке және бірқатар басқа компанияға азаматтық талап арыз берді. Біз әзірге бұл талаптың мәні мен оның дұрыстығына қатысты түсінбей отырмыз. Бұл мәселені зерттейміз. Холдинг қызметіне айтарлықтай қауіп көріп отырған жоқпыз. Ресейде біздің активтеріміз жоқ, холдингтің өзі РФ аумағында қызмет жүргізбейді», — деді компания өкілдері.

Айта кетейік, Тимур Турлов 2010-жылдары Ресейде банк, брокерлік және инвестициялық бизнесті дамытқан болатын. Алайда 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін Freedom Holding ресейлік активтерін халықаралық бизнестен бөлу туралы шешім қабылдады. Сол жылы Турлов Қазақстан азаматтығын алып, Ресей азаматтығынан толықтай бас тартты, ал Freedom Holding ресейлік бизнестен шығу процесін аяқтап, оны Ресей Орталық банкі мақұлдаған еді. Қазіргі сотқа берілген талаптың осы бұрынғы ресейлік активтерге қатысы бар-жоғы бойынша әлі ресми түсініктеме берілген жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар