Ақтөбе облысындағы «Қазхром» компаниясына қарасты шахтада өндірістік оқиға болып, жарақат алған жұмысшы ауруханада көз жұмды, деп жазады Alash.kz.
Қайғылы жағдай 29 қазанда Дөң тау-кен байыту комбинатының құрамындағы Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтада болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, вагондарды тіркеу жұмыстары кезінде тау-кен жұмысшысы жарақат алған.
Зардап шеккен қызметкер шұғыл түрде Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілген. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Компания өкілдері марқұмның қазасына байланысты көңіл айтып, оның отбасы мен жақындарына қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады.
Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы тергеп-тексеру комиссиясы құрылмақ. Қазіргі уақытта өндірістегі жазатайым оқиғаның қалай болғаны және оған қандай жағдайлар себеп болғаны анықталып жатыр.