Әнші Жазира Байрбекова Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаевадан келінге қалай қарау керегі жөнінде кеңес сұрады. Бұл сауалға өнер иесі өз көзқарасын ашық білдіре жауап берді, деп жазды Alash.kz.
Роза Рымбаеваның айтуына қарағанда, қазақ қоғамында келінге қатысты қасаң көзқарас әлі де сақталып келеді.
«Қазақта, өкінішке қарай, келінді құл сияқты көріп, қатқыл сөйлейтін енелер бар. Ал менің түсінігімде келін - бөтен адам емес, мен кеткеннен кейін орнымды басатын жан. Ол - ошақтың анасы», - деді халық әртісі.
Өнер иесі адамның бұл өмірде мәңгі еместігін еске салып, отбасының ертеңі келіннің қолында екенін атап өтті.
«Мен 100–200 жыл өмір сүрмеймін. Ертең мен кеткенде орнымды келінім басады. Сондықтан келінге сабырмен, парасатпен қарап, білгеніңді үйрету керек», - деп түйіндеді Роза Рымбаева.