Атырауда Қазақстанның құрметті адамы, суретші және театр қайраткері, қазақ сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан Гүлмаржан Махамбет өмірден өтті, деп хабарлайды Alash.kz.
Оның қайтыс болғаны туралы әріптестері әлеуметтік желіде хабарлады.
Гүлмаржан Махамбет ұзақ жылдар бойы Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық академиялық драма театрында сценограф әрі бас суретші қызметін атқарған.
Гүлмаржан 1948 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданында дүниеге келген. 1968–1972 жылдары Алматыдағы Н. В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде білім алып, 1987 жылдан бастап Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі болды. 2004 жылы оған «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағы берілді.
Суретші халықаралық фестивальдер мен байқауларға белсене қатысып, өз талантымен танылған.
2007 жылы Таллинде өткен MAX MODA-2007 халықаралық фестивалінде Гран-при иегері атанса, Минскіде өткен Дивна халықаралық театр сән фестивалінде бірінші дәрежелі жүлдеге ие болды. 2008 жылы Астанадағы Алтын сапа байқауына қатысты.
Оның шығармашылығы мен мәдениетке қосқан үлесі Қазақстан өнерінің тарихында мәңгі сақталады.