Қазақстанның тау-кен металлургия саласында күрделі қайшылық қалыптасты: соңғы жылдары кен өндіру көлемі 4 еседен астам артқанымен, дайын мыс шығару көрсеткіші бар-жоғы 20 пайызға ғана өскен. Экономист әрі өндіріс саласының сарапшысы Жанат Нұрғалиев елдегі бұл жағдайды «мыс парадоксы» деп атап, саладағы негізгі түйткілдерді талдап берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Сарапшының айтуынша, қазіргі басты міндет – шикізатты сыртқа тасу емес, қосылған құны жоғары өнімді ел ішінде шығаруды қамтамасыз ету. Премьер-министрдің Балқашқа сапары да осы саладағы геологоразведка, қолданыстағы өндірісті сақтау және жаңа қуаттылықтарды тұрғызу сияқты үш басты міндеттің тоғысқан сәтін көрсетті.
Экономист өз талдауында соңғы 36 жылдағы статистикалық деректерге сүйене отырып, сала дамуының кезеңдерін бағамдады:
«Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, 1990 жылдан 2025 жылға дейін Қазақстанда 2,12 млрд тонна мыс кені өндіріліп, 13,7 млн тонна рафинирацияланған мыс балқытылған. Тек соңғы он жылда, яғни 2016–2025 жылдар аралығында 1,26 млрд тонна кен өндірілді – бұл 36 жылдағы барлық мыс кенінің 59%-ын құрайды. Ал сол он жылда балқытылған мыс көлемі 4,4 млн тоннаны құрады – бұл жалпы көлемнің бары-жоғы 32%-ы ғана», — деп атап өтті Жанат Нұрғалиев.
Осылайша, 2016 жылдан бастап Абай және Павлодар облыстарында жаңа кен орындарының ашылуымен өндіріс қарқыны күрт өсіп, 2025 жылға қарай 163,7 млн тоннаға жеткен. Яғни, кен алу көрсеткіші 1990 жылмен салыстырғанда 4,3 есеге артқан. Алайда, дайын металл шығару ісі керісінше шектеулі деңгейде қалып қойды.
«2016 жылы кен өндірісі бірден 85%-ға өскенде, мыс шығару көлемі тек 3,5%-ға артты. 2025 жылға қарай зауыттар 471,8 мың тонналық межеге жетті – бұл 1990 жылғы көрсеткіштен 1,3 есеге ғана көп. Тарихи максимумға 2020 жылы қол жеткізілді – 477 мың тонна, содан бері бұл көрсеткішті арттыру мүмкін болмай келеді. Демек, он жыл ішінде елдің шикізат картасы түбегейлі өзгергенімен, металлургиялық картасы дерлік өзгеріссіз қалды», — деп жазды сарапшы.
Қазіргі таңда бұл тығырықтан шығу үшін 2030 жылға дейін Балқашта жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіретін жаңа зауыт және KAZ Minerals тарапынан Ақтоғай маңында ұқсас кәсіпорын салу жоспарланып отыр.
Жанат Нұрғалиев саланы өркендету үшін тек зауыт салу жеткіліксіз екенін, тарифтер мен экспорттық баж салығы бойынша нақты ережелер керек екенін баса айтты:
«Өндіріс өз серпілісін жасап үлгерді. Ендігі кезек – қайта өңдеуде. Қазақстанның ішкі қайта өңдеу экономикасын құра алу-алмауына байланысты қазақстандық мыстың келесі қосылған құны қай жерде – ел ішінде ме, әлде одан тыс жерде ме жасалатыны анықталады», — деп түйіндеді экономист.