Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстанның ұланғайыр жеріне маңызды өзгеріс енуі мүмкін

09:38, 04 сәуір 2024 561

 Қазақстанның құрлықтағы жері алда үлкеюі мүмкін. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев баяндады, деп хабарлайды Alash.kz Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Өйткені Каспий теңізінің түбін тереңдету бойынша кең ауқымды жұмыстар басталды. Оның барысында жағаға орасан зор көлемде топырақ шығарылады. Ел Үкіметі теңіз астынан алынған топырақты пайдалану арқылы порт жанында жаңа алаңдар құратын болды.

Алдын ала есептерге сәйкес, нәтижесінде елімізде, бұрын теңіз болған жерде жалпы ауданы 171 гектарды құрайтын жаңа құрлық жер пайда болады.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, қазіргі кезде Каспийдегі кеме қатынасы қарқынды өсіп келеді, сонымен бірге Каспий теңізі жағалауынан кері шегініп, қатты таязданып барады. Мұның бәрі Үкіметке үлкен сын болып тұр. Бұл одан навигациялық қауіпсіздік жүйесін жеделдетіп құруды талап етеді.

Марат Қарабаевтың айтуынша, теңіз көлігі бойынша Ақтау және Құрық порттарының өткізу қуаты 21 миллион тоннаны құрайды. Алайда былтырғы бір жыл ішінде отандық теңіз порттары арқылы 7 миллион тоннадан астам ғана жүк тасымалданған. Көрсеткіш жыл сайын артып келеді, бірақ әлеует толыққанды іске жаратылмай тұр.

Теңіздегі кеме қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында мемлекеттік Ақтау және Құрық порттарының айдынында теңіз түбін тереңдету жұмыстары қолға алынуда. Осы және басқа да жобаларды жүзеге асыру қазақстандық теңіз айлақтары арқылы артылатын жүк көлемін 10 миллион тоннадан асыруға мүмкіндік беретін көрінеді.

Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі 1998 жылы басталды. Соның ішінде бертіндегі 3 жылда, 2019-2022 жылдары теңіз деңгейі 72 сантиментрге төмендеп кетті.

Салдарынан, ірі Ақтау, Құрық порттарының өзіне кемелердің таяп келуі қиындаған. Келгеннің өзінде, түбі теңіз табанына тіреліп, қайраңдап қалмауы үшін сыйымдылығы 12 мың тонналық мұнай танкері қазіргі уақытта тек 10 мың тоннадан асырмай тиелуге мәжбүр. 6,5 мың тонналық құрғақ жүк кемелері әрбір қатынаған сайын 450-500 тонна жүкті жете артпай, бір бөлігі бос кетеді.

"Бұдан басқа, Каспийдің бойында "Баутино", "ЕрСай", "Саржа" сияқты жекеменшік теңіз айлақтары бар. Теңіздің тартылуына байланысты бұл нысандарда да тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. Алайда олардың жекеменшік болуы себепті, бұл жұмыстарға мемлекет тарапынан қаражат көзделмеген. Осыған байланысты, порт инфрақұрылымын дамыту мақсатында, кәсіпкерлердің инвестициялық жауапкершілігін ескере отырып, тиісті жаңа механизмдерді енгізу пысықталады", – деді министр М.Қарабаев.

Ақтау және Құрық порттарының акваторияларын тереңдету жұмыстарын жүргізу 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Жұмыс жеделдетіліп, былтыр басталып кетті. 2023 жылғы желтоқсанның басында алдымен, Құрық портының акваториясын батиметриялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Аталған портта тереңдету жұмыстары биылғы жылдың шілде айында аяқталуға тиіс. Бұл жұмысқа еуропалық ірі "Jan De Nul" компаниясының техникасы жұмылдырылуда.

Енді биыл Ақтау портының айдынындағы жұмыстар басталуы керек.

"Тереңдету жұмыстары Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі проблемасын шешіп, порттың терминалдық қуаттарын одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ теңіз түбінен шығарылған топырақты пайдалану арқылы порт жанында жаңа алаң-аймақтар пайда болады. Алдын ала есептерге сәйкес, оның аумағы 171 гектарды құрайды", – деп мәлім етті Көлік министрлігі.

Ведомствоның дерегінше, бұл учаскелерде жаңа логистикалық терминалдарды салу үшін Abu Dhabi Ports, Rhenus және Shandong Port сияқты әлемдік жетекші инвесторлармен жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар, 2024 жылы Ақтау портында контейнерлік хабты салу жұмыстары басталуға тиіс. Жобаны іске асыру үшін Ляньюнган портымен тиісті келісімшартқа қол қойылды.

Құрық портында 2023 жылы астық терминалдарының құрылыс жұмыстары аяқталды. Одан басқа, порт аумағында құрғақ жүктерді (генеральные грузы) және "жасыл сутегіні" тасымалдауға арналған терминалдар салынады.

Жалпы, Құрық портының терминалдарын дамытуға бағытталған инвестициялардың көлемі 200 миллион доллардан аспақ.

Теңіз порттарына іргелес теміржол инфрақұрылымын дамыту бойынша "Бейнеу-Маңғыстау", "Жарық-Сексеуіл" және "Шалқар-Құрық" теміржол учаскелерінде ұзындығы 404 шақырым екінші жолдардың құрылысы жоспарлануда. 5 станцияда модернизациялау жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ "Шалқар-Бейнеу" учаскесінде автоблоктау енгізіледі. Бұл іс-шаралар 2030 жылға дейінгі магистралдық теміржол желісін жаңғырту жоспарында қарастырылған. Оған қоса, Ақтау портының жаңа терминалдарына қосымша жолдар тартылып, тиісті станциялық инфрақұрылым жүргізіледі.

Жалпы, Ақтау портының акваториясында және оған жақындау каналында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу 2025 жылы толыққанды аяқталады деп күтілуде. Бұл ірі жобаға "Қазақстан темір жолы", "Ақтау теңіз сауда порты" ұлттық компаниялары жауапты. Осы іске жалпы сомасы 18,1 миллиард теңге бюджеттен тыс инвестиция тартылмақ. Бұл алдын ала бағалау: шығын көлемі жобалық құжаттама әзір болғаннан кейін нақтыланады.

Каспийдегі екінші басты портымыз – Құрық теңіз айлағының акваториясында және оған кемелердің жақындауына арналған арнасында теңіз түбін тереңдету жұмыстары басталып кетті. 2024 жылы аяқталуы шарт. Бұл жобаға "ҚТЖ" ұлттық компаниясы, "Құрық порты" ЖШС, "SEMURG Invest" ЖШС жауапты деп белгіленген. Жобаның алдын ала құны – 25,8 миллиард теңге болмақ. Мұның бюджеттен тыс қаражат болатыны анықталды.

Каспийдегі жекеменшік порт – Ерсай терминалының айдынында және оған кемелердің келуін қамтамасыз ететін каналында теңіз түбін тереңдету жобасына "Ерсай Каспиан конструктор" ЖШС жауапты болмақ. Жоба құны құжаттамалары дайындалған соң анықталмақ. Бұл жұмыстарды 2025 жылы аяқтау қарастырылуда.

Сарапшылар ұлттық компанияларға тереңдету жұмыстары барысында алынған теңіз құмын пайдалануға және сатуға құқық беруді ұсынады. Олар жер қойнауын пайдаланушы болмағандықтан, әзірге ондай құзыры жоқ. Каспий құмы мақпалдай жұмсақ. Оның үстіне теңіз тұзы араласқандықтан, емдік мақсаттарда қолдануға да жарайды.

Бұдан бөлек, сарапшылардың пікірінше, егер теңіз астынан шыққан топырақ пен құм автомобиль жолдарын және басқа құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпорындарға сатылса, бұл ұлттық компанияларға қосымша табыс көзі болады, әрі салған инвестицияларын тез қайтаруға септесер еді. Бұл өз кезегінде жобаларға жұмсалатын бюджеттік шығындарды төмендетеді.

Атап өтетін жайт, экологтар Каспий түбін тереңдету теңіздің флорасы мен фаунасына үлкен залал келтіруі мүмкін деп дабыл қағып келеді. Олардың да пікірі, ұсыныстары міндетті түрде ескерілгені жөн. Өйткені бүгінде тағы да итбалықтар қырылуда. Маңғыстау өңірінде 80-нен астам итбалықтың өлексесі табылған. Маңғыстау облысының экология департаменті судың сынамасын алды. Ветеринарлық станция қызметкерлері өлекселердің тіндерін зерттеуге алды.

Осы орайда биыл Каспий жағалауындағы Маңғыстау облысының шекарасының кеңейгені жарияланды. Бұл туралы облыстың жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Қаржаубай хабарлады.

Нақтылағанда, 2024 жылғы қаңтарда тиісті шешім қабылданып, Маңғыстау облысының шекарасы ресми түрде кеңейтілген екен. Өңір территориясының шегіне қосылған жердің жалпы ауданы шамамен 722 мың гектарды құрайды. Бұл жер телімі "Қазақстанның су қорының жерлері" категориясына жатады және Қазақстанның шекарасының өзгергенін білдірмейді. Яғни, Қазақстанға тиесілі теңіз аумағының бір бөлігі облыстың иелігіне қосылып отыр.

Маңғыстау облысының шекарасын кеңейту жұмыстары ары қарай жалғасады деп жоспарланған.  

"Қазақстанның және Маңғыстау облысының Каспий теңізіндегі территориялық су айдынының сыртқы шекарасын және енін есептеу үшін биылғы жылы тиісті шаралар қабылдау жүктелді. Тапсырма аясында облыстың аумағына жалпы ауданы 1 миллион 638 мың гектарды немесе 12 теңіз милін құрайтын жер учаскесі қосылады", – деді Нұржан Қаржаубай.

Теңіздің елге тиесілі қалған бөлігі Атырау облысына кіруі мүмкін.

Жалпы, теңіз ары қарай да тартыла берсе, Қазақстанның құрлықтағы территориясы одан әрі кеңейе түсуі ғажап емес.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар