Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстаннан Ресейге көшіп барған балалар Путинге үндеу жасады

18:18, 19 желтоқсан 2025
Павлодар қаласынан Ресейдің Түмен қаласына көшіп барған Саша және Илона есімді әпкелі-сіңлілі қыздар міндетті орыс тілі тестінен өту балын жинай алмай, мектепке қабылданбай отыр. Соның салдарынан олар қазір үйде оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Alash.KZ Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстаннан қоныс аударған қыздар Түмен қаласындағы мектептерге қабылдану үшін мигранттарға арналған орыс тілі бойынша тест тапсыруы тиіс болған. Алайда комиссия олардың білім деңгейін жеткіліксіз деп бағалаған.

Осыған байланысты Саша мен Илона Ресей Президенті Владимир Путинге бейнеүндеу жолдап, көмек сұрады.

"Құрметті Владимир Владимирович Путин! Менің атым Саша, жасым 8-де. Біз Қазақстаннан өз Отанымызға білім алу үшін көшіп келдік. Алайда комиссия мені өз ана тілімді білмейді деп шешті. Мен орыс тілінен басқа тіл білмеймін. Өтінемін, мектепке қабылдануыма көмектесіңіз", – делінген бейнеүндеуде.

Бұған дейін Владимир Путин шетелден қоныс аударған орыс тілді отандастар үшін ешқандай емтихан талаптары қойылмауы тиіс екенін мәлімдеген болатын. Ол 1 сәуірден бастап күшіне енген нормаларды қайта қарауды тапсырған.

Айта кетейік, Павлодардан көшіп барған қыздардың жағдайы жалғыз оқиға емес. Бұған дейін де Қазақстаннан барған мектеп оқушысы ресейлік шенеуніктердің қателігі салдарынан осындай қиындыққа тап болғаны хабарланған еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар