Испанияның Понтеведре қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігінде қазақстандық Ислам Евлоев чемпион болды деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Грек-рим күресінен 82 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Евлоев финалда әлемдік рейтингте 7-орында тұрған түркиялық балуан Альперен Белберді жеңді. Финалдық белдесудегі есеп – 9:3, Евлоевтің жеңісі.
Турнир барысында Ислам Евлоев Чехия, Германия, Қытай балуандарынан басым түсті. Ал оның жартылай финалдағы қарсыласы белдесуге шыққан жоқ.
Сондай-ақ, діл осы жарыста Қазақстанның тағы бір балуаны күміс жүлде жеңіп алды. 67 келі салмақ дәрежесінде күрескен Юсуф Ашрапов финалға дейін жетіп сүрінді. Ол ақтық сында ирандық Ахмедреза Мохсен Нежадтан 2:0 есебімен ұтылды.