Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстандықтар неге мемлекет қаржы бөлген медициналық қызмет үшін ақша төлеп отыр?

13:12, 22 шілде 2024 541

Қазақстандықтар мемлекет қаржы бөлген медициналық қызмет үшін ақша төлеп келген

Шетелге тұруға кеткен азаматтарға да дәрі-дәрмек ресімделгені анықталды деп хабарлайды Alash.KZ. Бұл туралы жоғары аудиторлық палата «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жұмысына тексеру жүргізгенде белгілі болды.

Аудит 3,8 трлн теңге қаражат пен активті қамтыған, 13 ұйымға тексеру жүргізілген.

Айта кетейік, қазір міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) 16,2 млн адам кіреді. 12 млн адамның жарнасын мемлекет төлейді. Оған қоса 2 миллионға жуық мемлекеттік қызметкер, бюджеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері бар. Нәтижесінде мемлекетке түсетін қаржылық жүктеме кем дегенде 76% болып отыр.

Аудит 2022-2023 жылдардағы жұмысқа жүргізілген. Бұл аралықта кепілдендірілген және нысаналы трансферттер аясында 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда 13 млрд теңге немесе қаражаттың 26%-ы игерілмеген.

Қор медициналық қызметтердің сапасын бақылауға тиісті назар аудармай отыр. Мәселен, Астана бойынша МӘМС шеңберінде екі ірі қызмет көрсетушіге тексеру жүргізіліп, оларға 179 мың адам бекітілгенмен, мекемелердің жеке қабылдау орындары мен медициналық жабдықтарының жоқтығы, оларды сағатына жалға алатыны анықталды. Бұл қызмет көрсетуші мекемелердің бірқатар клиникасында жекелеген қызмет түрлеріне лицензиялары болмаған және өздігінен қозғала алмайтын азаматтарды қабылдауға арналған пандустары жоқ болып шықты, - деп хабарлады Жоғары аудиторлық палата.

Сондай-ақ аудит барысында бірлесіп қызмет көрсетушілер тарапынан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен және азаматтардың өз есебінен медициналық қызметтерге қосарланған ақы төлеу фактілері анықталған. Қолданыстағы ережелер бойынша медициналық мекемелер МӘМС желісі бойынша қаржыландырылатын медициналық көмек түрлері үшін ақы алмауға тиіс.

Стационарлық көмек бойынша кем дегенде 1,7 млрд теңгеге, амбулаториялық көмек бойынша 27,6 млрд теңгеге қосарланған төлем фактілері анықталған. Қор тарапынан бұл бағытта мониторинг жүргізілмейтін болып шыққан.

Стоматологиялық клиникалардың қызметтерінде де заңбұзушылықтар анықталды. Олар ӘМСҚ-дан қосарланған төлем алып отырған. Медициналық сақтандыру тарифіне анестезияның құны да енгізілгені анықталды. Бірақ стоматологиялық клиникалар ол үшін қордан 2,1 млрд теңгеге қосымша ақы алған.

Сондай-ақ шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға дәрі-дәрмектерді рәсімдеу фактілері анықталған.

Айта кетейік, наурыздағы жағдай бойынша Қазақстандағы 109 медициналық ұйымның 19 млрд теңгеге мерзімі өткен несиелік берешегі бар. Алайда ӘМСҚ қаражатының көлемін бөлу кезінде олардың қаржылық жағдайы ескерілмеген.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша:

  • 32 млрд теңгеден астам рәсімдік бұзушылықтар;
  • 31,1 млрд теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану анықталды.
  • Қаржылық шығындар мен жіберіп алған пайда көлемі – 11,8 млн теңге. Сондай-ақ 65 рәсімдік бұзушылық, 154 өзге де бұзушылық және жүйелік кемшілік анықталды.

Палатаның хабарлауынша, медициналық қызметтер мен тіркеулерге қосарланған ақы төлеу фактілері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына беріледі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар