Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстанда террористік және экстремистік қылмыстармен соңғы екі айда неше адам ұсталды?

12:28, 12 маусым 2026

Қазақстанда биылғы жылдың сәуір-мамыр айларында террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 13 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, деп хабарлайды Alash.kz.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеген қылмыстық істердің қорытындысы бойынша айыпты деп танылғандардың ішінде Астана мен Шымкент қалаларының тұрғындары бар. Елордалық азамат әлеуметтік желілерде терроризм идеологиясын насихаттап, өзгелерді соғыс аймақтарына аттануға үгіттегені үшін 8 жылға сотталды. Ал Шымкент тұрғыны Қазақстан аумағында теократиялық мемлекет құруға шақырып, радикалды идеяларды таратқаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі бұл тұрғыда ресми мәлімдеме жасап, былай деп хабарлады:

«2026 жылдың сәуір-мамыр айларында ҰҚК тергеген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 13 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталды».

Сонымен қатар, еліміздің бірнеше өңірінде, атап айтқанда Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Абай облыстарында осындай қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен тағы 11 адам қолға түсті. Олардың қатарында екі шетелдік азамат және шетелден елге экстрадицияланған үш Қазақстан азаматы бар. Тергеу мәліметі бойынша, ұсталғандар ғаламтор мен өз айналасында экстремистік материалдар таратып, діни көзқарастарын бөліспейтін жандарға қарсы күш қолдануға және террорлық белсенділік аймақтарына кетуге шақырған.

Қазіргі уақытта бұл деректер бойынша тиісті құқықтық шаралар қабылдануда. Комитет өкілдері өз мәлімдемесін былай деп түйіндеді:

«Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес басқа ақпарат жария етуге жатпайды».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар