Екібастұз қаласында төтенше жағдай жарияланды. Ерекше режимнің енгізілуіне коммуналдық желілердің 90 пайыздан астамы тозып тұрғаны себеп болған, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. Себебі кәріз жүйесіндегі коллекторды жедел жөндеу қажет. Естеріңізде болса, биылғы жылдың басынан бері Екібастұздағы екі кәріз жүйесінде апат болған еді.Тиісті құжат «Ашық НҚА» сайтында жарияланды.
"Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Ержан Салханов техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы болып тағайындалып, оған төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-шараларды жүргізу тапсырылсын", – делінген әкім қаулысында.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың қысында Екібастұздағы жылу электр орталығында апат болды. Қақаған қыстың ортасында қала халқы жылусыз қалып, сергелдеңге түсті.