Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстанда орташа жалақы құны 400 мыңнан асты

18:24, 09 тамыз 2024 521

Қазақстандағы орташа жалақы құны 400 мыңнан асты, деп хабарлайды Alash.kz. Статистика бюросы өз жеке сайттарында құнды деректермен бөлісті.

Бюроның 2024 жылғы екінші тоқсандағы есебіне сәйкес, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарда жұмыс істейтіндерді қоспағанда, Қазақстанда жалдамалы қызметкерлердің жалақы қоры үш айда 4,6 трлн теңгені құраған.

Бүгінде жалдамалы қызметтегілердің нақты саны 3,8 миллионға жуықтап отыр. Осылайша, бір қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысы 403 251 теңге мөлшерінде болып отыр. Ал жалақының медиандық мәні 278 296 теңгені құрайды.  

Қай сала мамандары ең көп жалақы алады дегенге тоқталсақ. Биылғы жылдың екінші тоқсанындағы көрсеткішке сенсек, ең жоғары жалақыны қаржы және сақтандыру қызметі саласының мамандары алып отыр. Бұл сала қызметкерлерінің айлық жалақысы 878 739 теңге көлемінде. Одан кейінгі орында ақпарат және байланыс саласының қызметкерлері. Бұл бағытта жұмыс істейтін мамандар 661 339 теңге төңірегінде жалақы алады. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтегілерге 549 673 теңге шамасында айлық төленіп отыр. Ең төменгі орташа жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығындағы қызметкерлерге тиесілі, олар – 251 301 теңгені місе тұтуға мәжбүр.

«2023 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда, орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі қаржы және сақтандыру қызметі – 23,3%, өнер, ойын-сауық және демалыс – 21,5% жылжымайтын мүлікпен операциялар – 21,1% салаларында байқалды. Білім беруде орташа айлық жалақы 7,2%-ға, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде 5,6%-ға өсті», – деп хабарлады Ұлттық Статистика бюросы.

Дей тұрғанмен, елдегі инфляцияны ескерсек, нақты мәндегі жалақы көлемі былтырғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда бес салада, керісінше, төмендеген. Атап айтқанда, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсетуде – 8,7%, мемлекеттік басқару және қорғаныста – 3%, денсаулық сақтауда – 2,7%, білім беруде – 1,2%, тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету – 0,4%-ға дейін төмендеуі байқалады.

Өңірлік бөлініске тоқталар болсақ. Былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2024 жылдың II тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Алматы қаласында байқалады. Еліміздегі ең ірі мегаполисте жалақы – 14,3%-ға өскен.  Одан кейінгі орында 14%-дық өсіммен Ақтөбе облысы, үштікті 12,9%-бен Павлодар облысы түйіндейді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар