Қазақстанда жеке куәліктегі «Туған жері» бағанын толтыру тәртібіне өзгеріс енгізілді. Енді бұл тармақта нақты қала немесе елді мекен емес, тек азаматтың дүниеге келген мемлекетінің атауы көрсетіледі, деп хабарлайды Alash.kz.
Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің дерегінше, бұл жаңашылдық 2025 жылдың наурыз айында күшіне енген. Жаңа ережеге сәйкес, ел аумағында туған барлық азаматтардың құжатында «Қазақстан» деп жазылса, шетелде дүниеге келгендерде тиісінше сол мемлекеттің атауы белгіленеді. Мәселен, азамат АҚШ-та туған болса, оның куәлігінде туған жері ретінде «АҚШ» деп көрсетіледі.
ІІМ мұндай қадамның құжаттау процесін оңтайландыру және оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында жасалғанын хабарлады. Ал азаматтың туған өңірі, облысы, ауданы мен қаласы туралы толық мәліметтер цифрлық жүйеде толығымен сақталады.
Сонымен қатар, құзырлы орган енгізілген өзгеріске байланысты бұрын берілген қолданыстағы жеке куәліктерді арнайы ауыстырудың ешқандай қажеттілігі жоқ екенін ескертті.
Айта кетейік, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан бойынша 1,5 миллионнан астам азамат төлқұжат пен жеке куәлік алған.