Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда мемлекеттік білім беру гранттарының саны шамамен 30 мыңға артты, деп жазады Alash.kz.
Үкіметтің мәлімдеуінше, 2025–2026 оқу жылында білім беру гранттарының жалпы саны 93 232-ге жетті. Оның ішінде 77 084 грант бакалавриатқа, 13 229 грант магистратураға және 2 919 грант докторантураға бөлінді.
"Талапкерлерге жергілікті атқарушы органдардың, салалық бірлестіктердің, жоғары оқу орындарының және қоғамдық қорлардың гранттары арқылы қосымша қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл білім беру саласындағы қолдау шараларымен қамтылатын талапкерлер санын арттыруға мүмкіндік береді", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар елімізде жеңілдетілген білім беру кредиті жұмыс істейді. Ал 2025 жылдан бастап отбасыларға балалардың оқуына қаражатты алдын ала жинақтауға мүмкіндік беретін "Келешек" жинақтау жүйесі іске қосылды. Қазіргі таңда бұл мүмкіндікті ондаған мың отбасы пайдаланып үлгерді.
Соңғы жылдары Қазақстанда ондаған жаңа жатақхана пайдалануға беріліп, соның нәтижесінде өңірлердің басым бөлігінде орын тапшылығы едәуір қысқарған. 2018-2025 жылдар аралығында жалпы 72 125 орындық 281 жатақхана салынып, реконструкцияланып және пайдалануға берілді.