2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Солтүстік Македонияға қарсы кездесу өткізді. Матч 1:1 есебімен тең аяқталды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Кездесу жоғары қарқынмен басталып, екі тарап та бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Дегенмен алғашқы таймда есеп ашылған жоқ.
1bol.kz мәлімдеуінше, екінші таймның басында қазақстандық шабуылшы Дінмұхамед Қараман әдемі соққымен қарсыластың қақпасын дәл көздеп, ұлттық құраманы алға шығарды. Алайда 75-минутта Солтүстік Македония ойыншысы Энис Барди айып добынан тамаша гол соғып, таразы басын теңестірді.
Ойын соңына дейін есеп өзгермей, кездесу 1:1 нәтижесімен аяқталды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 7 тур қорытындысы бойынша 7 ұпаймен «J» тобында 4-орында келеді. Ал Солтүстік Македония — 13 ұпаймен екінші орында, үздіктер көшін 14 ұпай жинаған Бельгия бастап тұр. Ендігі ойында қазақстандықтар 15 қараша күні Астанада Бельгия құрамасын қабылдайды.