Көктемгі су тасқыны кезеңінде Қазақстан мен Ресей өзара ақпарат алмасады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева айтты, деп хабарлайды Alash.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеп.
Оның айтуынша, су дипломатиясы су тасқыны кезінде де, суару маусымы кезінде де маңызды.
«Қазір ол жоғары деңгейде деп айта аламыз және көрші елдермен келіссөздер бойынша қиындықтар жоқ. Су тасқыны кезеңін өткізу бойынша өзара іс-қимыл жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобы құрылды. Қазір жұмыс тобының құрамы, ережесі және 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Яғни, Қазақстан мен Ресей су тасқыны кезеңінде ақпарат алмасуға келісті», - деді Әбдуәлиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ, көрші Қытаймен де су тасқыны кезіндегі жұмыс екіжақты келісім арқылы жүзеге асады. Қырғызстанмен жүргізілген келіссөз барысында қазақстандық тарап Талас өзені арқылы су беру көлемін ұлғайту туралы келісімге келген.
«Бұл Киров су қоймасынан су жіберуді реттеу және су тасқыны кезеңінде апаттың алдын алу мақсатында жасалады», - дейді ол.
Су ресурстары министрлігінің шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу жұмысы да белсенді жүріп жатқан көрінеді. Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігінің мамандары Қазақстанның 4 облысында 13 гидротехникалық құрылысты тексерген. Сарапшылар былтырғы су тасқыны кезінде өте үлкен көлемде су қабылдаған Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы нысандарды зерттеді.