Қазақстан Халық партиясының жаңа төрағасы болып Нұрсұлтан Шоқанов сайланды, бұл туралы шешімді 27 маусымда Астана қаласында ұйымдастырылған кезектен тыс съездің қатысушылары қабылдағанын саяси ұйымның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Жаңа басшы 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол жоғары білімді Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында (КИМЭП) «Қаржы» мамандығы бойынша алып, кейіннен Швейцарияда орналасқан IMD бизнес-мектебінде Executive MBA дәрежесін қорғаған. Кәсіпкерлік саласында 2009 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Шоқанов қоғамдық тамақтандыру, тағамдарды жеткізу, ритейл, ақпараттық технологиялар, өндіріс пен дистрибуция бағыттарын қамтитын OMIR Group компаниялар тобының директорлар кеңесіне жетекшілік етеді. Саяси қызметте 2021 жылдан бастап Қазақстан Халық партиясының атынан Алматы қаласы мәслихатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты ретінде танылып, онда құрылыс, сәулет, қалалық инфрақұрылым, урбанистика мен жер қатынастарына жауапты бейінді комиссиялардың жұмысын басқарды. Ал 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап партияның Алматы қалалық, одан кейін Алматы облыстық филиалдарының тізгінін ұстады. Оған қоса, ол 2023 жылы Алматы қалалық «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына жетекшілік етіп, кейінірек «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма мүшесі – басқарма төрағасының орынбасары қызметіне сайланған болатын. Сондай-ақ Нұрсұлтан Шоқанов Қазақстан Республикасы Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті лауазымын атқарады.
Ұйымның бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев съез барысында сөйлеген сөзінде соңғы үш жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылап, Халық партиясының құрғақ уәделермен емес, тұрғындардың нақты проблемаларын шешетін саяси күшке айналғанын тілге тиек етті.
«Бүгінде Халық партиясы – көмек сұрап келетін орынға айналды. Және бұл біздің жұмысымыздың басты нәтижесі», - деп атап өтті Ертісбаев.
Ол өз сөзінде партияның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі бағытын жүйелі қолдайтынын және елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға алдағы уақытта да атсалысатынын жеткізді. Сонымен қатар бұрынғы басшы соңғы жылдары ұйымның қоғамдық және медиа кеңістіктегі белсенділігі айтарлықтай артқанына тоқталды.
«Біз жай ғана жауап қатып қоймай, күн тәртібін қалыптастыруды, ең маңызды тақырыптарды көтеруді үйрендік. Адамдардың мәселелері тасада емес, ашық айтылуын қамтамасыз ете алдық. Бүгінде қоғамның назары – бұл ықпал етудің және мәселелерді шешудің шынайы құралы. Біз бұл құралды тиімді пайдаланып жатырмыз», – деп атап өтті ол.
Оның келтірген деректеріне сүйенсек, соңғы жылдары партия елдегі ең жылдам дамып келе жатқан қоғамдық-саяси медиа жүйелердің бірін құра алған, қазіргі таңда партияның ресми цифрлық платформаларында 1,1 миллионнан астам жазылушы бар, жарияланымдардың жалпы қамтылымы 600 миллионнан астам қаралымнан асып, азаматтардан түскен пікірлер мен өтініштер саны шамамен бір миллионға жуықтаған.
Басшылық құрамның ауысуына қатысты пікір білдірген Ертісбаев жаңару үдерісі кез келген саяси құрылым дамуының заңды кезеңі екенін, әсіресе жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі ауқымды саяси өзгерістер жағдайында бұл өте маңызды екенін баса айтты. Жаңа төрағаны таныстыру барысында Ертісбаев Нұрсұлтан Шоқановтың өңірлік құрылымдарды басқарудан бастап маңызды ұйымдастырушылық жобаларды жүзеге асыруға дейінгі партиялық жұмыстың барлық сатысынан өткенін, сондықтан партияластарына жақсы таныс екенін мәлімдеді. Сонымен қатар оның ұйымның ішкі тыныс-тіршілігін терең білетінін, заманауи басқару тәжірибесіне ие екенін және әріптестері арасында үлкен құрметке ие тұлға екенін жеткізді.