21 қаңтардан бастап АҚШ Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ тағы 74 елдің азаматтарына иммиграциялық визалар беруді уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Alash.KZ.
Бұған «қоғамға салмақ салуы мүмкін өтініш берушілердің елге кіруінің алдын алу» себеп болған. Бұл шектеулер белгісіз мерзімге енгізілді, деп түсіндірді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев.
Оның айтуынша, студенттік, туристік, іскерлік және медициналық визалар бұрынғыдай беріліп жатыр.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі иммиграциялық визаларды қайта жандандыру мәселесі бойынша АҚШ-пен келіссөз жүргізіп отырған жоқ. Ведомство бұл үшінші мемлекеттің ішкі шешімі екенін атап өтті.
Бақаев сондай-ақ қазақстандықтар үшін АҚШ-қа туристік визаларды алу жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар қазір СІМ Еуроодақ елдерімен визалық режимді жеңілдету бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Келіссөздердің екінші кезеңі ақпан айында басталмақ.