2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда телеарналар мен радиостанциялардың апталық эфир уақытының кем дегенде 55 пайызы қазақ тілінде болуы тиіс, деп жазады Alash.KZ Orda.kz сайтына сілтеп.
Мәдениет және ақпарат министрлігі енді бұл талапты орындамаған медиаға әкімшілік жаза қолдануды ұсынып отыр. Қазіргі уақытта әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы жоба қоғамдық талқылауға шығарылған.
Ұсыныс 10 шілдеге дейін ашық талқыланатын болады.
Жобада тіл квотасынан бөлек, жарнама көлемінің шектен асқанына байланысты да жауапкершілік қарастырылған. Қолданыстағы заңнама бойынша, жарнама жалпы эфир уақытының 20 пайызынан аспауы тиіс.
Бұдан бөлек, министрлік онлайн платформалардағы құқыққа қайшы контентті таратқаны үшін де айыппұл салу бастамасын көтеріп отыр. Соның ішінде әлеуметтік желілер мен бейнехостингтер де бар. Ведомствоның мәлімдеуінше, заңнама жаңартылмаса, цифрлық кеңістікті бақылау барған сайын қиындай береді.
«2024 жылы қазақстандық онлайн-платформаларда 78,5 мыңнан астам заңсыз контент анықталды. Бірақ соның тек 24,3 пайызы ғана жойылған» деп жазылған құжатта.
Еске сала кетейік, Қырғызстан билігі қырғыз тілін білмейтін қырғызстандықтарға айыппұл салған еді.