Ресей мектептерінде оқытылатын тілдердің үштен астамы жойылып кету қаупінде тұр, деп хабарлайды Alash.kz Ведомости мәліметіне сүйеніп.
Ресей ғылым академиясының Тілдер институты қазақ тілін "шектеулі ауылдық" категориясына жатқызды. Бұл дегеніміз – тілдің ұрпақтан ұрпаққа берілуі негізінен ауылдық жерлерде сақталып отыр, ал тіл тасымалдаушылары ол ортада үнемі сөйлеседі. Осы санатқа қазақ тілінен бөлек авар, адыгей, бурят, лезгин, чуваш тілдері де кіреді. Әр "шектеулі ауылдық" тілдің сөйлеушілері саны шамамен 6500 адамнан 1 миллионға дейінгі аралықта.
Жалпы Ресей мектептерінде 76 халықтың тілі оқытылады. Олардың 24-і – жойылу қаупінде тұрған тілдер. Оның ішінде:
-
"ұйықтап бара жатқан" (6 тіл): водь, ижора, саами, энец, ительмен, тофалар;
-
"үзіліп қалған" (17 тіл): идиш, карел, фин, коряк, вепс және басқалар.
Барлық тілдер, орыс тілінен басқа, біртіндеп әлсіреп барады, дейді ИЯз РАН директоры Андрей Кибрик. Оның айтуынша, бұл тек шағын тілдерге ғана емес, республикалардың тілдеріне де қатысты. Соңғы онжылдықтарда тіл тасымалдаушыларының саны азайып, балалардың көбіне тек орыс тілін меңгеретіні байқалады. Тіпті алыс этникалық аймақтарда да балалар мектепке тек орыс тілін біліп келетін жағдайлар жиілеген.
Кибриктің сөзінше, тілдік әралуандылықты сақтау тұрғысынан қазіргі жағдай теріс сипатқа ие. Дегенмен мемлекеттің бұл әралуандылықты сақтауға конституциялық міндеттемесі бар. Баланың ерте жастан ата-анасынан тіл үйренуі – негізгі база. Мектепке белгілі бір тілді меңгеріп бару керек, әйтпесе оқыту процесі толыққанды болмайды. “Көптеген тілдерді сақтап қалуға мүмкіндік бар, бірақ ол үшін ресурстар салып, мамандармен кеңесу қажет”, – деп түйіндеді ол.