Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов Талғат Байсуфиновтің Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен кетуіне қатысты пікір білдірді, деп жазады Alash.kz.
Журналист әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды:
«КІМГЕ ЖАҚПАЙ ҚАЛДЫ?!
Талғат Байсуфиновты ақыры жұмыстан алып тыныпты. Бірер апта бұрын қызметінен кетеді деген ақпарат шықты. Федерация оны ресми түрде жоққа шығарды. Енді бүгін жұмысынан кетті. Бірақ, оны өзі емес, тағы федерация "өзі кетті" деп ресми түрде хабарлады. Қысқасы, қазақ маманын қазақ футболына сыйдырмады. Иә, соңғы жолдастық кездесулер сәтсіз өтті. Десе де, рейтингте бізден жоғары тұрған Армения мен Венгрия айқын ұтамыз деп кім айтты? Негізгі себеп басқада. Кімге жақпады екен?! Жарайды, кім келіп, кім кетпей жатыр. Өкініштісі, ертең шетелден біреуді әкеліп, ақшаны өкіртіп береміз. Алайда, мен сенімдімін, одан нәтиже болмайды. Өйткені, бізде мәселе бапкерде емес, футболдың өзі жоқ қой. Оған кімді қойсаң да, нәтиже нөл. Сондықтан, білгендеріңді істей беріңдер. Негізі Талғат аға қазақи нақышымен ерекшеленіп, ұлттық құраманы жақсы ұйыстырып еді. Әсіресе, әлгі Черчесов пен Алиевке қарағанда жігіттер арасында абыройы бар. Ерекше құрметке ие. Айтпағым, сәл ұяттарың болса, әншейін лақытыра салмай, шапан жауып, адам сияқты шығарып салыңдар...»