Еліміздің көлік министрлігі авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия құрды, деп хабарлайды Alash.KZ.
Ақтауға Әзербайжан азаматтық авиация және AZAL авиакомпаниясының өкілдері келді.
Маңғыстау өңірінде вице-премьер Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ құлаған Embraer 190 ұшағы қазан айында техникалық тексеруден өткені туралы айтылуда.
«Ұшақтың жалпы ұшу уақыты – 15 257,22 сағат және 9 949 рет жерге қонған. Әуе кемесінің соңғы толық техникалық тексерісі 2024 жылдың 18 қазанында жүргізілді. Соңғы тексерістен бері 671 ұшу сағатын өткізген», - делінген Azerbaijan Airlines хабарламасында.
Ұшақ өндірушісі Embraer құзыретті органдарға көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен бірге, Ақтауға Әзербайжаннан психологтар, дәрігерлер және құтқарушылар тобы келіп, апаттан аман қалған азаматтармен жұмыс жасап жатыр.