Украина президенті Владимир Зеленский сайлауға дайын екенін айтты, бірақ оны өткізу үшін қауіпсіздік кепілдіктері мен заңға өзгерістер қажет, деп жазады Alash.kz. Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Еуропаға іссапармен шыққан Украина президенті Владимир Зеленский 9 желтоқсан күні кешке украиналық журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол Украинада президенттік сайлауды өткізгіге дайын екенін жеткізді, бірақ бұл үшін сайлау қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, әскери жағдай кезінде сайлау өткізуге тыйым салатын заңды өзгерту керектігін де айтты.
Зеленский соғыстың созылуын оның билікте қалуға тырысқанына байланысты деп айтылған айыптауларды «негізсіз» деп атады. Ол бұл пікірді айтқандарды нақтыламады. Бұған дейін Politico басылымына берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті сайлануы керек деген пікірін білдірген. Ал Ресей президенті Владимир Путин мен ресейлік ақпарат құралдары Зеленскийдің қазіргі лауазымда «заңсыз» отырғанын жиі қайталайды.
«РБК-Украина» басылымы Зеленскийдің сөзінен:
«Мен сайлауға дайынмын. Ең маңыздысы – АҚШ және, мүмкін, еуропалық серіктестерден сайлау қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрау. Сол жағдайда 60–90 күн ішінде Украина сайлауға дайын болады», – деп келтірді. Сонымен қатар, ол парламенттен заңдарға қажетті түзетулер енгізуді сұрайтынын айтты. «Ертең Украинада боламын, серіктестер мен депутаттардан ұсыныс күтемін және сайлауға қатысуға дайынмын», – деді Зеленский.
Журналистерге берген жауабында президент Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату үшін үш құжат талқыланып жатқанын атап өтті.
«Біз америкалықтармен және еуропалық әріптестермен үш құжатты қарастырып жатырмыз. Біріншісі – 20 тармақтан тұратын негіздеме құжат, ол үнемі жаңартылып отырады. Екіншісі – қауіпсіздік кепілдіктері, біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Әскери қызметкерлерімізден ұсыныстар мен америкалықтармен өткізген диалог нәтижесін күтеміз. Қауіпсіздік кепілдіктері – Украина мен АҚШ, сондай-ақ Украина мен Еуропа арасындағы маңызды құжат», – деді Зеленский. Үшінші құжат – Украинаны соғыстан кейін қалпына келтіру жоспары, ол «соғыс аяқталғаннан немесе атысты тоқтату келісімі жасалғаннан кейін» іске қосылады.
Зеленский қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты АҚШ тарапынан бұл құжат Конгресс мақұлдайтын заң деңгейінде рәсімделетінін айтты.
«Америкалықтар бізге былай деді: Украина шынайы қауіпсіздік кепілдіктеріне ие болуы тиіс, оны Конгресс мақұлдауы керек. Біз бұл кепілдіктің нақты жұмыс істейтінін сезіну үшін қару-жарақ, қажет болса санкциялар, әуе қорғанысы жүйелері, әрі НАТО жарғысының бесінші бабына ұқсас тетіктер қарастырылуы тиіс. Бірақ егжей-тегжейлері әлі талқылануда», – деді Зеленский.