Владимир Зеленский соғыстың басталғанына төрт жыл толуына орай жасаған видеоүндеуінде соғыстың алғашқы күндері жұмыс істеген бункерін алғаш рет көрсетті, деп хабарлайды Alash.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – Банковая көшесіндегі бункерде орналасқан шағын кабинет. Дәл осы жерде соғыс басталған сәтте әлем лидерлерімен алғашқы келіссөздер жүргізілген.
«Бұл кабинет, бункердегі шағын бөлме – соғыстың басында әлем көшбасшыларымен сөйлескен жерім. Осында отырып президент Байденмен сөйлестім. Дәл осы жерде “Владимир, қауіп бар, сізге Украинаны шұғыл түрде тастап кету керек. Біз көмектесуге дайынбыз” деген сөзді естідім. Мен “маған такси емес, қару керек” деп жауап бердім», – деді Зеленский.

Оның сөзінше, бұл нысан бұған дейін көпшілікке көрсетілмеген. Қазір бункер бос тұр. Ал соғыстың алғашқы кезеңінде мұнда жүздеген адам жұмыс істеген.

«Мен осында жұмыс істедім, кейін жоғары қабатқа көтеріліп, халыққа үндеу жасадым. Осында біздің команда, үкімет мүшелері болды. Күн сайын кеңестер, қоңыраулар, шешім іздеу – Украинаға төтеп беру үшін қажеттінің бәрі осында атқарылды», – деді Украина президенті.