Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов өзіне, қызметіне және азаматтық ұстанымына байланысты жан-жақтан қатты қысым басталып кеткенін ашық мәлімдеді. Бұған дейін бокс, футбол, велоспорт төңірегіндегі өзекті де өткір мәселелерді көтеріп жүрген тілші бұл жолы өзінің жұмыстан қуылу қаупі мен сотпен қорқыту әрекеттерінің астарын жайып салды, деп хабарлайды Alash.kz.
Журналистің айтуынша, Геннадий Головкинге қатысты жазбасынан кейін Жапонияда жүрген кезінен-ақ ескертулер мен сес көрсетулер жиілеген:
«ҚАТТЫ ҚЫСЫМ БАСТАЛДЫ! Жапония төрінде болған жағдайды білесіздер. Сол кезде Геннадий Головкинге қатысты постты алмасаң эфирге шығармаймыз, жұмыстан шеттетеміз, заңмен қудалаймыз деген сияқты әртүрлі хабарлама келді. Екі күннен кейін «ұлтаралық алауыздықты қоздырдың» деген себеппен соттатқалы жатырмыз дегенді тағы жеткізді. Амал жоқ, постты алып тастадым. Отбасы бар, бала-шаға бар дегендей».
Алайда бұл қысым елге оралған соң да тоқтамаған. Журналист «Хабар» Агенттігіндегі заңгерлер мен басшылық тарапынан ашық қоқан-лоқы жасалып жатқанын жеткізді:
«Енді Астанаға келсем, жұмыста «қазір өз еркіңмен қызметіңнен кет немесе бірнеше бап бойынша соттатамыз дегенді» алға тартады. «Хабар» Агенттігінің заңгері кәдімгідей ізденіп, бүкіл постымды зерделеп шығыпты. Арасынан «қаракөздер құқығын қорғамадың» дегенді ұлтаралық алауыздықты қоздыру, «сенің көтіңе кірмеймін» дегенді жеке басын балағаттау деп, кәдімгі ресми арыз-шағымдарын дайындап қойыпты. Айтпақшы, бұл істер ІІМ-де жатыр. Егер өз еркіңмен кетпесең, басың бәлеге қалады дегенді қадап айтты».
Аслан Қаженов бұл әрекеттердің артында жоғары лауазымды шенеуніктер тұрғаны туралы ақпарат жеткенін жасырмады:
«Ең қызығы – барлық тапсырманы Президент Әкімшілігіндегі бір адам беріп отыр дейді. Одан кейін ақпаратқа жауапты министрдің тікелей тапсырмасы дегенді естідім. Жазбасы да бар. Біз өзі қандай елде өмір сүріп жатырмыз? Қазақ спортының проблемасын айту – қылмыс па? Қазақ спортшыларының жанайқайын жеткізуші – қылмыскер ме? Сөз бостандығы қайда? Журналистің құқығы қайда? Сонда «Ясмина Тоқсанбаеваның, Виктория Графееваның, Наталья Богданованың жеңістерін ұрлатып, не істеп жүрсіңдер?» дегенге темір торға қамата ма? Онда біткен екенбіз ғой».
Сөз соңында спорт журналисі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тікелей үндеу тастап, араша түсуін сұрады:
«Құрметті, Қасым-Жомарт Тоқаев, бұл мәселе Сізге жетеді және назар аударасыз деп сенемін. Мемлекеттік арнада 15 жыл еңбек еткен қатардағы тілшіні осынша қысымға алып жатыр. Мен қарапайым адаммын. Біреулер сияқты төбеден тапсырма беретін саяси ықпалым да жоқ не азулы адвокаттарды жалдап қырылатын ақшам да жоқ. Бірақ, обьективті түрде сын айта аламын. Сол арқылы отандық спорттағы жағдайларды оң бағытта реттеуге боларына сенімдімін…».