Бокстан Қазақстанның 14 дүркін, Әлемнің 3 дүркін чемпионы, Парижде өткен Жазғы олимпиада ойындарының 51 кг салмақта қола жүлдегері Назым Қызайбай әлеуметтік желіде өзін сынап, хейт жазғандарға жауап беріп, арнайы пост жазды, деп хабарлайды Аlash.kz.
Боксшы өзінің жүріс-тұрысы мен істеген ісін жақтырмай, ауыр пікір қалдыратын оқырмандарына еш ренжімейтінін айтты. Біреуге хейт жазатын адамдардың өздерінде проблема барын, іштеріндегі бақытсыздығын өзгеден көретінін айтты.
«Адамдар әрқашан теріс пікір айтуға себеп табады. Біреу қызғаныштан, біреу назар аударту үшін, ал біреу өз ішіндегі бақытсыздығынан. Бірақ бұл мені ешқашан алаңдатпайды. Себебі мен кім екенімді, қандай жолда жүргенімді білемін.
Көпшілігі өзін «мінсіз» етіп көрсеткісі келеді, қателік жасамайтын періште секілді. Бірақ өмірде әркім тек өз ісіне ғана жауапты. Өз таңдауыңа, өз сөзіңе, өз қадамыңа. Басқаларды сынау — бұл әлсіздіктің белгісі ғана.
Мен біреуге ұнау үшін өмір сүрмеймін. Өзім дұрыс деп санаған жолмен жүремін. Өзімді таныған кезде, басқалардың сөзі құнын жоғалтады.
Мен ешкімге жамандық тілемеймін. Ешкімге әдейі зиян келтірмеймін. Бұл — мен үшін ең басты қағида.
Өмірде бәріміз қателесеміз, бәріміз әртүрлі жолдамыз. Бірақ менің таңдауым — өз жүрегім таза болсын.
Адамдарға жақсылық тілеп, өз жолыңмен сенімді жүру — ең үлкен күш. Себебі мықтылық біреуді сынауда емес, ешкімге жамандық жасамауда», - деп жазды әлем чемпионы.