Ақмола облысында орналасқан Сандықтау ауданы, Петровка ауылының зейнеткері Татьяна Журавлева медициналық мекеменің салғырттығынан құжат бойынша «қайтыс болды» деп тіркеліп кеткен, деп хабарлайды Alash.kz.
Астана қаласы әкімдігінің «Көпбейінді медициналық орталығы» ШЖҚ МКК қызметкерлері басқа бір марқұмның өлімін тіркеу барысында қателік жіберіп, қарт әйелдің ЖСН-ін пайдаланған. Соның салдарынан Татьяна Журавлеваға ресми түрде қайтыс болғаны туралы куәлік рәсімделген.
Бұл бюрократиялық ағаттықтың салдары ауыр болып отыр. Өйткені қария екі айдан бері өзіне тиесілі зейнетақысын ала алмай келеді. Жалғыз күн көріс көзінен айырылған зейнеткер тіпті азық-түлік пен күнделікті тұтылатын дәрі-дәрмегін сатып алуға, ағымдағы шығындарын өтеуге қаржы таппай тығырыққа тірелген.
Орын алған жағдайды түзету бойынша жасалған әрекеттерден әзірге ешқандай нәтиже шықпай жатыр. Отбасы мүшелерінің сөзінше, аталған медициналық мекеме өкілдері телефон қоңырауларына мүлде жауап бермейді немесе «күте тұрыңыздар» деген құрғақ уәдемен шектеліп отыр.
Зейнеткердің жақындары мұндай сорақы қателік жауапсыз қалмауы тиіс деп есептейді. Олар оқиғаға байланысты арнайы қызметтік тексеру жүргізуді, деректердің ауысып кету себебін анықтауды, кінәлі тұлғаларды тәртіптік және заңда көзделген өзге де жауапкершілікке тартуды талап етуде. Сонымен бірге зейнеткердің бұзылған конституциялық құқықтарын тез арада қалпына келтіріп, берілмей қалған екі айлық зейнетақы қарызын толығымен төлеп беруді сұрайды.