Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қасыңнан қалың ел боп табылармыз». Париж олимпиадасында көзіне жас алған Әбибаға қалың елі қалай қолдау танытты?

18:57, 28 шілде 2024 743

Париж олимпиадасына зор сенім, айрықша күш-қуатпен аттанған ұлттық құрама үздігі, бұрымды белдесуші, дүбірге түскенде шашасына шаң жұқпайтын майталман Әбиба Әбужақынованың халық сүйіктісіне айналғанына да біраз уақыт болған. Дзюдо додасында спортшымызға сәттілік жетпеді, бірақ еңсесі тік, қадамы нық қалпында ұлтының асқан қошеметіне бөленді. Біз аяулы қарындасымыздың олимпиада тұғырынан көрінген сәтіне шолу жасап, халқының сүйікті перзентіне деген ыстық ықыласын саралап көрдік.

Бәрі қалай басталды?

Қазақстан командасының үздігі Әбиба Әбужақынова Париж Олимпиадасында 48 келі салмақ бойынша сынға түсті. Әбиба алғашқы айналымда израильдік Шира Ришориди ұтып, қарсыласынан "ваззари" ұпайы бойынша басым болды. Қазақстандық балуан Олимпиада ойындарының келесі айналымына жолдама алды.

Ал бұрымды балуан екінші айналымды Қытайлық Тайпей өкілі Чен Хао Линді "иппон" ұпайымен мерзімінен бұрын жеңді. Жарыстың ширек финалында испаниялық Лаура Абелиндадан ұтылып, жұбаныш белдесуде ол парагвайлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді.

Жинақтай айтсақ, Әбиба Әбужақынова Париж Олимпиадасында тұғырлы 5-орыннан көрінді. Қарагөз отандасымыз шешуші белдесуде швециялық 18 жастағы Тара Бабулфатқа есе жіберді.

Шыны керек, спортшы белдесу барысында жарақат алып, аяғының ауырсынғанын бірнеше рет байқатты. Жарақаты жанына батқаннан болар, белдесу соңында уысына түскен өз мүмкіндігін жіберіп алды. Осылайша төртжылдықтың бас ойынында Әбиба 5-орынға табан тіреді.   

Татамидегі тартысты белдесуден кейін Әбиба Әбужақынова шағын сұхбат беріп, жүлдеге қол жеткізе алмағаны үшін жанкүйерлерінен, халқынан кешірім сұрады.

«Өкінішке қарай, жүлдеге қол жеткізе алмадым. Қола медаль үшін таластағы қарсыласым өте ыңғайсыз болды. Барымды салдым. Бірақ, жүлдесіз қалдым, үміттеріңізді ақтай алмадым, кешіріңіздер», - деді Әбиба Әбужақынова.

 

Ұлт намысын ұлықтаған қазақ қызы һәм ел ықыласы

Намыс пен назадан туған көз жасын қайсарлықпен қымтаған қазақ қызын жазғыру жоқ. Ұлттық ақпараттық кеңістікте спорт сайыпқыранын қолдау, саналы сөз, сарабдал мінезбен демеу басым.

Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов Әбиба Әбужақынова қарындасына Мұқағали жолымен жыр арнап, «ел мақтанышының мәнері бедерленген алтын марапат тақты»:

“Меніңше біздің атымтай азаматтар бүгін сәл ғана мүлт кеткен Абиба қарындасымызды да құрмет, сыйлығынан құр қалдырмай күтіп алып, жігерлендіргені дұрыс болады деп ойлаймын. Жарақаты бола тұра барын салды, сәті түспеді. Қыз бала ғой, сағы сынбасын. Өмірі алда . Жеңілсе де , жеңсе де өзіміздің қарындасымыз. Мысалы Токиодан қола алып келген осы Елдосқа Zhumabek Zhanykulov ағамыз: “сенің қолаң бізге алтыннан қымбат” -деп ағалық қамқорлығын көрсеткенде Елдос та жігерленіп: “аға, Алла қаласа Париждің алтынын алып келемін” -деп уәде беріпті. Аллаға шүкір, міне сол күнге жеттік. Аз ғана халықпыз. Жастарымыз түрлі азғындықтардың жетегінде кетпеу үшін осындай ұл, қыздарымызды үлгі етіп, көтеріп, қайрап отырсақ, олар да сын сағатта аянып қалмайды. Еліміздің Туы да, еңсесі де төмен түспесін!! Абырой, айбынымыз асқақтай берсін!!

“Әбиба, Әбибажан, Әбиба қыз,

Жеңілген спортшының бәрі жалғыз.

Қалдырмай бірақ сені мұндай сәтте,

Қасыңнан қалың ел боп табылармыз, табылармыз..

Жаралған жан екенсің күресуге,

Шамалы күш жетпеді тіресуге.

Испан итеріп кеудеңнен, швед шалып,

Ауырсындың, сонда да жүресің де.

Жылап тұрсың , мұндайда күлесің бе?!

Қарындасты бірақ біз жылатпаймыз,

Абибажан, сен соны білесің бе, білесің бе?!” – деп толғады ақын.

Қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы спортшының үлкен жетістікке жеткенін айтып, намыс-жігерін жонды:

Әбиба, сенің бүгінгі "Ә" дегеннен-ақ алға озған нәтижең - құйрығын бұлғаң еткізіп теріс айналып сатып кеткен келімсек, сатқын, балыққұйрық қыздардың он алтынынан артық!!!

(Қазақ ерте шулап қойды, көз тиді.....)

Супер-пупер ойын көрсеттің!..

Мұңайма, жаным сол!.. Сен - СУПЕРСІҢ!.. Сен өзің АЛТЫНСЫҢ ғой!..

Ал додада алар Алтының - алда!

Өмірің алда! Бәрі алда! Алға! Мойыма! Жасыма! Жігерлен!

"Адамның адамшылығы істі қалай бастағанынан білінеді, қалайша бітіргендiгiнен емес" дегенді Абай атаң саған арнап айтқан... – деді ол.

«Ұлттың, мемлекеттің намысын ойлап жылады».

Журналист, қоғам белсендісі Нұргелді Әбдіғани өз сөзінде қазақтың екі рет көз жасына ерік бергенін айтып, ұлттың, мемлекеттің намысын ойлаған Әбибаның алда талай жүлде алатынына сенім білдірді. Ел оны намысшылдығы, қазақшылдығы үшін жақсы көретінін айтты:

Еленалардан Әбибам мың артық!

Қазақтың намысы қорғалатын тағдыршешті сәтте аяқ-асты бронхысы ауырып қалатын, қол-аяқтары сырқырап қалатын, сөзі мен сылтауы көп келімсек-шүрегейлерден, нәсілі бөтендерден жүлде алмаса да, аяғының жарақатына қарамай ақырына дейін күрескен Әбиба қыз мың артық!

Кеше екі қазақ жылады. Бірі - жеңіп жылады. Ол - алтын Елдос! Күллі қазақ Елдостан жүлде күтті. Сметов ел үмітін ақтады! Артығымен ақтады! Қазақ спорты тарихын Олимпиаданың үш жүлдесімен жазып тастады. Бөркімізді аспанға атып қуандық. Қазаққа алтынды қазақ әкелетініне сенген едік.

Екіншісі - жеңіліп жылады. Ол біздің Әбиба қыз. Намыстан жылады. Қазаққа жүлде әпере алмағаны үшін күйіп жылады. Ұлттың, мемлекеттің намысын ойлап жылады. Әбиба алда талай жүлде алады. Біз оны сол намысшылдығы, қазақшылдығы үшін жақсы көреміз!

Әйтпесе, жүз сылтау, мың ақталу айтып, Қазақстанды "қадап" кеткен Рыбакина, Путинцева секілді қуаяқтар жыласа, кәне?! "Ойбай, өлейін деп жатырмын. Әйтпесе, Қазақстан намысын қорғар едім",- деп жылады ма?! Жоқ. Сырғытпа сөйлеп, іс бітті, қу кеттінің тірлігін жасады да қойды!

Сондықтан Елдос та, Әбиба да қазақ намысын лайықты қорғап шықты! – деді журналист.

Париж олимпиадасы басталғалы көгілдір экран әлеміне көз тіккен халықтың тілеуі бір. Анақ айтсақ, Қазақ мерейінің үстем болғаны. Тілеу мен тілектің қуатымен заңғар биікке ұмтылған спортшылардың жеңісті де жемісті күндері жалғасын табарына сенетіндердің қарасы қалың. 11 тамызға дейін талай жүрек бұлқынып, талай көңілді қуаныш кернейтініне біз де кәміл сенеміз.

 

Дастан Қастай
Журналист 
Alash.KZ ҰЛТТЫҚ ПОРТАЛЫ

 

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар