Журналист Жазира Бегалы әлеуметтік желідегі парақшасында депутаттардың халықпен тікелей жұмыс істеу қабілетіне қатысты пікір білдірді, деп жазды Alash.kz.
Ол көпшілікпен кездесу кезінде сыртқы келбет пен дайын мәтіннің жеткіліксіз екенін айтып, депутат халықтың мәселесін тыңдап, оған құқықтық тұрғыдан талдау жасап, нақты бағыт көрсете білуі керек екенін атап өтті.
«Ел-жұртпен кездесуде ешқандай суфлер болмайды. Мәселенің өзегін өзі тыңдап, депутат өзі түсіну керек», – деп жазды Жазира Бегалы.
Журналист сондай-ақ халықтың өткір сұрақтарына жауап беруден қашатын шенеуніктерді сынға алды. Оның айтуынша, ол бірнеше жылдан бері басшылардың дағдарысты жағдайлардан шығу әрекеттерін бақылап, коммуникация бойынша тренингтер өткізеді.
«Депутаттарды да оқыту керек пе?» деген сауал қойған Жазира Бегалы депутаттардың кәсіби коммуникация дағдыларына назар аудару қажет екенін меңзеді.
Сонымен қатар ол депутаттардың бірімен болған әлеуметтік желідегі келіспеушілік туралы айтып, мемлекеттік марапаттар кезінде журналистер мен операторлардың еңбегі де ескерілуі тиіс деген пікір білдіргенін жеткізді.
Жазба соңында журналист депутаттардың қоғам алдындағы еңбегі мен олардың депутаттық мандатқа қалай келгені жөнінде сұрақтар қойды.