Қазақстан Сербиядан алған қаруын бастапқы жеткізушінің рұқсатынсыз қайта сата ала ма деген сұрақты Құрылтай депутаты, бұрынғы прокурор Айжан Аймағанова Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевқа қойды, деп хабарлайды Alash.kz.
Талқылау бүгін Құрылтайдағы екі ел арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді қарау кезінде өтті. Айжан Аймағанова келісімнің қос тармағына, яғни қару-жарақты үшінші елдерге беру үшін екінші тараптың алдын ала жазбаша келісімін алу талабы мен экспорттық бақылаудың ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылуына назар аударып, мұның өзара қалай қолданылатынын нақтылауды сұрады.
«Егер Қазақстан өз заңнамасына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы экспорттауға рұқсат алып қойған болса, оларды үшінші елге қайта сату үшін бастапқы жеткізуші мемлекеттен қайтадан келісім алу міндетті ме?», — деп сұрады Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова.
Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев бастапқы өндірушінің рұқсаты кез келген жағдайда міндетті екенін жеткізді. Оның айтуынша, экспорттық бақылау тәртібі Қазақстанның заңнамасында егжей-тегжейлі белгіленген. Осылайша, еліміздің заңнамасына сәйкес экспортқа рұқсат берілгеннің өзінде, алынған қару-жарақты үшінші тарапқа қайта сату үшін бастапқы өндірушінің жеке келісімі талап етіледі.
Айта кетейік, 2023 жылғы 29 қарашада Белградта қол қойылған құжат қару-жарақ пен әскери техниканы өзара жеткізуді, оларға қызмет көрсету мен жөндеуді, бірлесіп әзірлеу мен технология алмасуды қарастырады. Құрылтай депутаттары бұл келісімді бірінші оқылымда мақұлдады, ал заң жобасы алдағы уақытта екінші оқылымда қаралатын болады.