Талғар ауданында 9-сынып оқушысы Әлихан Даниярұлы қайтыс болды. Оқиға туралы Alash.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұмның туыстары Әлиханның өнерге, өмірге ерекше құштар екенін айтты. Ол бала күнінен қазақ әдебиеті мен түрлі шығармашылық байқауларға жақын болған, жиі жүлдегер атанған. Жақындары оны ашық-жарқын, мейірімді мінезімен еске алады.
Қайғылы жағдай 13 қыркүйекте орын алған. Әкесінің айтуынша, ұлы кешкі 9-да серуенге шыққан. Бір сағат өткен соң туыстарына Әлиханның есінен танып қалғаны жөнінде хабар жеткен.
Данияр Нұрғалиев баласының есінен еш себепсіз танбағанына сенбейді. Ол оқушының өліміне жоғары сынып оқитын бір топ жасөспірімнің қатысы бар деп есептейді. Жақын маңдағы дүкеннің бейнебақылау камерасына қарағанда, Әлихан жолдасымен бара жатқанда, алдынан шыққан топ өзара сөйлесуге шақырған.
“Баламызды жансақтау бөлімшесіне апарғанда, сол жердегі нейрохирургтар, реанимотологтар баланың жақтың астынан соққы алғанын, салдарынан жабық ми жарақаты болғанын айтты. Баламды шын мәнінде, бейнебақылау камерасынан көргендей, қараңғы көшеге арнайы әкелген. Өйткені, күдікті достарына ‘Әлиханды ұстап әкелеміз, ұрамыз’ деп айтқан”, – деді марқұмның әкесі.
Талғар аудандық полициясы іс бойынша 106-баптың 2-тармағы, 11-тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғады — “кәмелетке толмаған адамның денсаулығына зиян келтіру”.
“Талғар ауданының кәмелетке толмаған тұрғынының өліміне әкеп соққан дене жарақаттарын келтіру фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс тіркеді. Күдікті – кәмелетке толмаған жасөспірім, ізі суымай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сот санкциясына сай қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды”, – деді полиция департаментінің бөлім басшысы Ернар Сайділдин.