Қарағанды қаласының Крылов көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінен анасы мен қызының мәйіті табылды, деп жазады Alash.kz.
Қайғылы жағдай 26 наурыз күні орын алып, 38 жастағы әйел мен оның 12 жасар перзенті аяусыз өлтірілген. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары осы қылмысқа қатысы бар деген күдіктіні құрықтау үшін арнайы жедел шараларды қолға алды.
Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы марқұмдардың денесін қарау барысында зорлықпен өлтіру белгілерін анықтады. Полиция департаменті аталған деректі растап, тиісті сараптамалардың тағайындалғанын хабарлады. Ресми мәлімдемеде:
«Марқұмдардың денесінде күш қолдану арқылы өлім белгілері бар. Орын алған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді жедел-тергеу шараларын жүргізіп жатыр», — деп көрсетілген.
Көршілердің берген мәліметіне қарағанда, бұл қанды оқиғаға қаза тапқан әйелмен бірге тұрған азаматтық некедегі жолдасының қатысы болуы мүмкін. Құзырлы орган өкілдері болжамды күдіктінің жеке басы толық анықталғанын және оны ұстау жұмыстарының қызу жүріп жатқанын жеткізді. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпараттар әзірге құпия сақталып отыр.
Қалалық полиция басқармасы бұл істі ерекше бақылауға алды. Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша қозғалған іс аясында куәгерлерден жауап алу және қылмыстың нақты себептерін ашу жұмыстары жалғасуда.