Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Белуджистан провинциясында 31 қаңтар күні сепаратистік топтардың бірқатар шабуылы салдарынан 80-нен астам адам қаза тапты. Бұл туралы Пәкістан билігі мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Ресми деректерге сәйкес, шабуылдар нәтижесінде қауіпсіздік күштерінің кемінде 10 қызметкері мен 11 бейбіт тұрғын көз жұмған. Қалған қаза тапқандар — қақтығыстар барысында жойылған содырлар.
Полиция бөлімшелері, әскери нысандар, азаматтық әкімшілік ғимараттар мен тұтқындау орындарын қамтыған шамамен он шақты шабуылдың жауапкершілігін «Белуджистан азат ету армиясы» (BLA) атты сепаратистік ұйым өз мойнына алды.
AFP агенттігінің хабарлауынша, ұйым таратқан мәлімдемеде шабуыл кезінде атыс қаруы мен жанкештілер қолданылғаны айтылған. Сондай-ақ BLA жариялаған бейнематериалдарда шабуылдарға бірнеше әйелдің де қатысқаны көрінеді.
Жергілікті биліктің мәліметінше, қақтығыстар барысында 67 содырдың көзі жойылған. Қаза тапқан бейбіт тұрғындардың барлығы белудж этносының өкілдері екені анықталған.
Айта кетейік, бұл шабуылдар Пәкістан әскерінің Белуджистан провинциясында жүргізілген екі бөлек операция барысында 41 содырдың жойылғаны туралы хабарламадан кейін орын алған.