Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қаралы хабар: Қазаққа белгілі актриса ауыр дерттен көз жұмды (ФОТО)

16:24, 27 шілде 2026

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актрисасы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Бижамал Кемалова ұзақ созылған ауыр дерттен өмірден өтті, деп хабарлайды Alash.kz.

Өнер иесі Сәкен театрына 1980 жылдардың басында келіп, жылдар бойы өнерсүйер қауымға адал қызмет етті. Ол жоғары кәсіби шеберлігімен, өзіндік актерлік өрнегімен және сахнаға деген адалдығымен қалың көрерменнің ықыласына бөленді. Бұдан бөлек, актриса Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының іргетасын қалауға атсалысқан ардагерлердің бірі болды.

Бижамал Далабайқызы театр сахнасында қазақ арулары мен қыз-келіншектерінің, аналар мен әжелердің сан қырлы бейнесін шебер сомдап, әр кейіпкерінің мінезін терең аша білді. Әріптестері оны театрдың мақтанышы әрі кейінгі буын актерлеріне бағыт-бағдар берген ақылшы ұстаз ретінде еске алды. Мәдениет саласындағы көпжылдық еңбегі бағаланып, ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, «Қазақстанның Мәдениет қайраткері» атағына ие болған еді.

Өнер майталманы сахнада көптеген жарқын образдарды сомдады. Атап айтқанда, «Досымның үйленуі» спектакліндегі Биғаным, «Қарагөздегі» Мөржан, «Ғашықтың тіліндегі» Сүйімқан, «Қайран жас дәурендегі» Воронкова, «Аққу сезімдегі» Ақдидар, «Мусье Жордандағы» Шахрабану, «Тәнге түскен раушангүлдегі» Мисс Йорк рөлдері оның шығармашылық қорына енді. Оның бұл бейнелері қазақ театр өнерінің тарихында мәңгі сақталады.

Сәкен театрының ұжымы марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындары мен шәкірттеріне қайғыра көңіл айтты.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар