Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қаралы хабар: Елге белгілі журналист, ақын 83 жасында дүние салды (ФОТО)

12:57, 01 қыркүйек 2026

Белгілі журналист, ақын, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Жоламан Бошалақ өмірден өтті, деп хабарлайды Alash.kz.

Каралы хабарды Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығы ресми түрде мәлімдеді.

Қаламгер 1943 жылы Атырау облысы Ембі ауданына қарасты Тұрғызба ауылында дүниеге келген. Оның сара жолы мен шығармашылық өмірінің басым бөлігі Маңғыстау өлкесімен тығыз сабақтасып жатты. Жоламан Бошалақ журналистика саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, өңірдегі баспасөз пен облыстық телевизияның өркендеуіне зор үлес қосты.

Әр жылдарда Маңғыстау облыстық телерадиокомпаниясында, «Коммунистік жол» және «Маңғыстау» басылымдарында қызмет істеді. Сонымен бірге «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің өңірдегі меншікті тілшісі ретінде аймақтың тыныс-тіршілігін кеңінен ақпараттандырды. Әсіресе, «Маңғыстау» газетін басқарған кезеңінде жергілікті журналистиканың дамуына өзіндік өрнек қалдырды.

Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығы марқұмның азаматтық келбеті мен еңбегіне арнайы тоқталды.

«Жоламан Бошалақ – кәсіби журналистикаға адалдығымен, қаламгерлік қарымымен және азаматтық ұстанымымен әріптестерінің құрметіне бөленген аға буын өкілі. Оның өңір журналистикасына сіңірген еңбегі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған шығармашылық мұрасы ел жадында сақталады. Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, әріптестері мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз», – делінген ресми хабарламада.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар