Отандық телерадио саласының ардагері, танымал тележурналист әрі ұстаз Марат Иманғалиұлы Сандықбаев 70 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды Alash.kz.
Журналист Базаргүл Үмбетова өзінің Facebook-тегі парақшасында Марат Иманғалиұлының қазасына байланысты қайғыра көңіл айтты.
Ол өз жазбасында: «Отандық телерадио саласына өлшеусіз үлес қосқан, тележурналистика саласында өзім ұстаз санайтын Марат Иманғалиұлы Сандықбаевтың өмірден озғаны туралы суық хабарды естіп, жанымыз күйзелді», – деп жазды.
Марат Сандықбаев еңбек жолын 1974-1975 жылдары Жезқазған облыстық телевизиясында кинооператор, телевизия және радио дикторы қызметінен бастап, кейін«Қазақстан» РТРК» АҚ-ның Алматы филиалының директоры қызметтерін атқарды.
Басқарма төрағасы Ернұр Бурахан Марат Иманғалиұлының дүниеден өтуіне байланысты Сандықбаевтар әулетіне көңіл айтты.
«Марат Иманғалиұлы – елдік іске адалдығымен, байыпты болмысымен айналасына сыйлы тұлға, арда азамат еді. Өмір жолында абыройлы еңбек етіп, ұлттық телевизия саласының дамуына зор үлес қосты. Адамгершілігі мен парасаты, ұстаздығы, сабырлы мінезі мен ізгі қасиеттері жадымызда мәңгі сақталады»,-деп атап өтті Басқарма төрағасы Ернұр Бурахан.
Корпорация ұжымы Марат Иманғалиұлының отбасы мен жақындарына қайғыға ортақтасып, көңіл айтады.Одақтық байқауда Марат Иманғалиұлының «Кімсің сен, Толқынбек?» атты төл туындысы топ жарған. Кейіннен ол «Қазақстан ҰТА» бағдарлама директоры, «Қазақстан» РТРК» АҚ Алматы филиалының директоры лауазымдарын абыроймен атқарып, құрметті демалысқа шыққан болатын.
Әріптесі мен шәкірттерінің атынан қайғыра көңіл айтқан Базаргүл Үмбетова: «Басшымын деп дауыс көтергенін мүлде естімеппін. Қарапайым қалпында жаңа келген жас журналистерге жөн сілтеп, қамқор болып жүретін. «Ұлытау» облыстық телеарнасының ұжымы атынан отбасына, туған-туыстарына қайғыға ортақтасып, көңіл айтамыз. Марат Иманғалиұлының артында қалған ізі мен өнегелі ісі өлмейді. Топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!», – деп сөзін түйіндеді.

