Астанада Абылай хан даңғылындағы бес қабатты тұрғын үйде болған өрттен 11 жастағы бала көз жұмды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, жедел жәрдем бригадалары ауруханаларға алты зардап шегушіні – бір ересек адам мен бес баланы жеткізген.
Дәрігерлердің алдын ала диагнозы бойынша, барлығы қатты дәрежедегі көміртегі тотығынан уланған. Зардап шеккендер реанимацияға жатқызылды, олардың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
«2014 жылы туған бір бала аса ауыр жағдайда жеткізіліп, жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан көз жұмды», – делінген хабарламада.
ТЖМ мәліметінше, өрт 6 желтоқсан күні үйдің бірінші қабатындағы қосалқы бөлмеде шыққан. Қатты түтін бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейінгі подъезге тез таралып, тұрғындарға қауіп төндірген. Құтқарушылар 40 адамды, оның ішінде жеті баланы эвакуациялаған.