Танымал әнші, актриса Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желідегі жеке парақшасында бақилық болған жақын құрбысы Сәулені еске алып, оқырмандарының жүрегін тебіренткен жан сырын ақтарды. Өнер иесі марқұмның зиратына арнайы барып, іштегі шерін тарқата алмай жүргенін ашық айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Әнші жазбасын қазақ поэзиясының аңыз ақыны Қасым Аманжоловтың отты жыр жолдарымен бастап, өмірдің өтпелі екенін еске салды. Ол құрбысының басына барып, тасқа қашалған бейнесін көрген сәтте көз жасына ерік бергенін жазды.
«“Торқадай жамылып ап топырағын, жатармын өз жерімде бір төмпешік” – деп Қасым ақын жырлағандай, біреу ерте, біреу кеш әйтеуір бір солатынымыз айдан анық… Сәуленің басына бара алмай, жаным жай таппай жүрген едім. Бүгін сәті түсті. Машинадан түсе сала, меңірейген қара тастағы күлімдеген жүзіңді көріп, көзімнен жас парлап, Сәуле! – деп тірі адамды шақырғандай өксіп шыққан дауысымның дірілін біраз уақыт баса алмадым… Жан-жағыңа нұрын шашқан жанашыр, Сәуле! Аз уақыт болса да, жақын араластық. Сен туралы менің естеліктерім көп қой… Анам, балам, өзім емделуге клиникаға барсақ, ақша алмай әлек қылатынсың. Көнбеген соң, бір амалын тауып, дәрігердің қолы ауырмасын деп, жеке счетына салатынмын. “Досың дос болғанына шаттан, дұшпанмен дос болудан сақтан” – деген атам қазақ. Өзіне керегін алып, екінші күні танымай қалатын талай сатқын, сайқал “достарды” да көргенбіз… Мен желіде, мыңмен жалғыз алысып отырғанымда, үнемі мені жақтап, қолдап отыратын едің… Енді сен жоқсың! Жай ғана, бір төмпешік… Жаның жай тапсын, Адал Досым», — деп жазды Меруерт Түсіпбаева.