Республикалық-халықтық партияның (РХП) праймеризіне қатысқан 15 миллион түркиялықтың 13 миллионнан астамы қамауға алынған Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлының кандидатурасын қолдады, деп жазады Alash.kz.
Дауыс беру қорытындысы бойынша ол оппозициялық партия атынан ресми түрде президенттікке үміткер ретінде ұсынылды.
Дауыс беру қорытындысы шыққаннан кейін Силиври түрмесінде отырған Ыстамбұл мэрі өзінің алғашқы жазбасын жариялады. Онда ол отандастарына сенім білдіргені үшін алғыс айтып, миллиондаған азаматтың белсенділігін «елді езгіден босату үміті» деп атады.
Мен сіздерге өзімді қатты қуантқан Силиври түрмесіндегі жаңалықтарды жеткізгім келеді. Біздің партияның алдын ала президенттік сайлауында дауыс берудің рекордтық көрсеткіші тіркелді. Елдің 15 миллион азаматы дауыс берді. Бұл биліктің қысымынан, экономиканың құлдырауынан және заңсыздықтан зардап шеккен ондаған миллион адамның наразылығының көрінісі, – деп жазды Имамоғлы.
Тұтқындалған Ыстамбұл мэрін қолдаған жаппай наразылық акцияларының жалғасқанына бесінші күн болды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, өткен түнде ғана жарты миллионға жуық адам Ыстамбұлдың және Түркияның басқа қалаларының көшелеріне шықты. Митингке қатысушылар Имамоғлыны дереу босатуды және оппозициялық саясаткерлерді қудалауды тоқтатуды талап етеді.