Almaty TV Қала күні қарсаңында жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып жасалған «Алматы құпиялары: Айлин мен Барыс» атты төл анимациялық жобасын ұсынады.
Басты кейіпкерлер — Айлин мен Барыс қызықты оқиғаларға толы саяхатқа аттанып, көрермендерді Алматы қаласымен, оның бай тарихымен, бірегей мәдениетімен және заманауи келбетімен таныстырады.
«Алматы құпиялары» — тек жарқын әрі қызықты контент емес, сонымен қатар маңызды ағартушылық бастама. Жоба отбасылық құндылықтарды, туған жерге деген сүйіспеншілікті, экологиялық мәдениетті және азаматтық ұстанымды дәріптеуге бағытталған.
Мультсериалдың сюжеттік желілеріне Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан», «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Амандасу» және «Жеңімпаз ұлт» жалпыұлттық бағдарламалары мен тұжырымдамалары енгізілген.
Кейіпкерлердің оқиғалары арқылы жас көрермендер заңды құрметтеудің, қоғам алдындағы жауапкершіліктің, салауатты өмір салтының маңызын түсінеді, сондай-ақ жайлы қалалық ортаны дамыту мен ел игілігі жолындағы жасампаз еңбек туралы біледі.
Балалар мен отбасылық аудиторияға арналған мультсериал — Almaty TV командасы әзірлеген бірегей өнім. Идеядан бастап сценарий жазу, кейіпкерлерді әзірлеу, анимация жасау, дыбыстау, музыкалық әрлеу және финалдық монтажға дейінгі барлық өндірістік циклді телеарна ұжымы өз күшімен жүзеге асырды. Бұл ретте жасанды интеллект заманауи өндірістік құрал ретінде қолданылды.
Мультсериалды жасауға телеарна қызметкерлерін Мемлекет басшысының Қазақстан тарихын балалар мен жастарға анимациялық фильмдер арқылы кеңінен насихаттау тапсырмасы, сондай-ақ Цифрландыру жылы аясында Almaty TV өндірістік қызметіне жасанды интеллект құралдарын белсенді енгізу үдерісі ынталандырды.
Жасанды интеллект технологияларының, тартымды сюжеттің және харизмасы жоғары кейіпкерлердің үйлесімі жаңа мультсериалды өскелең ұрпақты тәрбиелеудің және Қазақстанның мәдениеті мен болашағына қызығушылық қалыптастырудың маңызды құралдарының біріне айналдырады.
Алғашқы бөлімдері телеарнаның эфирінде және әлеуметтік желілерінде осы сенбі, 19 қыркүйек күні сағат 10:00-де көрерменге жол тартады.
1-бөлім: «Құпия алма»: Айлин мен Барыстың бастан кешкен оқиғалары арқылы балалар Алматының тарихы мен мәдени мұрасы, сондай-ақ дәстүрлі «Амандасу» әдебінің маңызы туралы біледі.
2-бөлім: «Алтын адам»: Бұл бөлім ел тарихына деген құрметті қалыптастырып, «Жеңімпаз ұлт» рухын аша отырып, адал, батыл әрі оптимист болуға тәрбиелейді.
3-бөлім: «Күміс тиын»: Алматының көпғасырлық тарихы туралы қызықты оқиға арқылы адал еңбектің, адалдық пен өзара құрметтің құндылығын баяндап, Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын түсіндіреді.
4-бөлім: «Тазалық сақшылары»: Айлин мен Барыс Алматының тазалығы мен көркіне қамқорлық жасайтын мыңдаған адамның күнделікті еңбегімен танысады. Бөлім туған қалаға деген сүйіспеншілікті арттырып, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының маңыздылығын көрсетеді.
5-бөлім: «Жұлдыздың жұмбағы»: Бұл бөлімде әділдік, өзара көмек пен қамқорлық тақырыбы көтеріледі. Бас кейіпкерлер Айлин мен Барыс мейірімді, бауырмал болуды және қиын жағдайға тап болғандарға қолдау көрсетуді үйреніп, Президенттің «Әділетті Қазақстан» бастамасының маңызын айқын көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Almaty TV соңғы жылдардағы ең ауқымды телемаусымдардың бірі болатын жаңа телевизиялық маусымның басталғанын жариялаған болатын. Көрермендерді сүйікті бағдарламалармен қатар жаңа жарқын жобалар мен отандық телехикаялардың премьерсы күтеді.
Олардың қатарында «Таңғы studio», «Алматинские истории», «Архитектор», «Вечерний Алматы», «DODA» және «Әділдік алаңы» бағдарламалары мен шоулары, сондай-ақ «Көршілер», «Балам», «Ерікті», «Түнгі қала», «Ақ келін» және «Жолаушы» телехикаялары бар.
Жаңа маусымда телеарна «Жаңалықтар»бағдарламасының жаңартылған нұсқасын ұсынады. Бағдарлама тың тұжырымдама мен ақпарат берудің заманауи форматында эфирге шығады. Мәселен, Мемлекет басшысының «Жеңімпаз ұлт» бастамасы аясында жас қазақстандықтардың табыс тарихына, ел тұрғындарының жетістігіне, жасампаз еңбек, азаматтық жауапкершілік және қоғамды дамытуға қосқан жеке үлесі мен үлгісіне арналған арнайы айдар дайындалады.
Almaty TV-дің жаңа маусымы — игі істерге шабыттандыратын заманауи кейіпкерлер туралы оқиғалар, ғылымды, туризмді, экологияны және отбасылық құндылықтарды насихаттайтын жобалар, сондай-ақ көрермендерді Алматы мен бүкіл Қазақстанның тыныс-тіршілігімен таныстыруды жалғастыратын мазмұнды контент.