Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры қазақтың біртуар перзенті, аңыз палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдық мерейтойына орай айрықша премьера ұсынды, деп жазады Alash.kz.
Бұл қойылым дәстүрлі драмалық қалыптардан асып түсіп, музыка, хореография, акробатика және сценография тоғысқан синтетикалық театр эстетикасын паш етті. Шығармашылық топ көрерменге тек палуанның физикалық күшін ғана емес, оның ішкі әлемі мен адамдық болмысын тереңірек тануға мүмкіндік беретін эмоционалдық кеңістік сыйлады.
Режиссерлік ізденіс пен шынайылық мектебі
Қойылымның режиссері Ақниет Жақсығали палуанның образын мифтік деңгейден тірі, сезінетін адам дәрежесіне түсіруді мақсат еткен. Оның айтуынша, дайындық процесі үш айға созылып, бұл уақыт тек жаттығумен емес, терең зерттеумен өткен. Шығармашылық топ Қажымұқанның шөбересі Айкен Мұқанның шаңырағында болып, архивтік деректер мен ауызша тарихты мұқият зерделеген.
Режиссер Ақниет Жақсығали қойылымның ішкі мазмұны туралы былай дейді:
«Көп жағдайда Қажымұқанды біз аңыз адам ретінде танимыз. Бірақ мен үшін сахнадағы маңыздысы – оның «адам» ретіндегі күйзелісі, таңдауы, күдігі мен сенімі болды. Себебі көрермен тек батырды емес, өзіне ұқсас тағдыр иесін көргенде ғана шынайы әсер алады. Осы тұрғыда, мен Қажымұқанды мифтік бейнеден тірі, тынысы бар, жүрегі соғатын тұлға деңгейіне түсіруге тырыстым».
Спектакльдің басты ерекшелігі — сахнадағы барлық күрделі трюктерді дублерсіз актерлердің өздері орындауы. Ол үшін цирк әртістері мен күрес шеберлері арнайы сабақтар өткізген. Режиссер бұл шешімін былай түсіндіреді:
«Әр құлау, әр қарсыласу, әр физикалық әрекет актердің ішкі күйімен тікелей байланысты болуы керек болды. Бұл үлкен дайындықты талап етті. Актерлерді таңдау барысында біз, ең алдымен, олардың ішкі қуатына, рухани дайындығына мән бердік».
Тұлғаның қалыптасу жолы: Үш жас кезеңі
Қойылымда кейіпкердің даму жолы үш түрлі актердің шеберлігімен ашылады. Бала Қажымұқанды сомдаған Ернар Сылқымбек келешек алыптың алғашқы бұлқынысын жеткізсе, бозбала Мұқан рөліндегі Бейбарыс Асқарбеков алғашқы әлеуметтік қайшылықтарды пластикалық тілмен шебер бейнеледі. Ал палуанның тұлға болып қалыптасқан шағын Бағлан Иманғазинов жоғары деңгейде көрсетіп, драмалық кульминацияны көтерді.
Спектакльдің алғашқы минуттарында-ақ әке мен бала арасындағы рухани байланыс басты орынға шығады. Әкесі баланың бойындағы күшті сезіп, оған үлкен үміт артады. Қойылымдағы әке өсиеті:
«Менің жасымда мен шықпаған тұғырға сен шық. Әлемді бағындыр», — деген сөздермен айшықталып, палуанның бүкіл өміріне бағыт-бағдар береді.
Рингке ұласқан сахна және тарихи белестер
Сахна бір сәтте Санкт-Петербургтегі күрес мектебіне, енді бірде Еуропа мен Түркияның рингтеріне айналып отырады. Қажымұқанның Иван Поддубныймен белдесуі, Том Кеннедиді жеңуі және Түркиядағы «Қара Мұстафа» лақап атымен өнер көрсетуі хронологиялық жүйемен берілген. Әсіресе, оның жапон палуаны Саракикимен болған жекпе-жегі қазақ палуанының қайтпас мінезін ашып көрсетті.
Түркия сапарындағы маңызды сәт — Мұқан есіміне «Қажы» мәртебесінің қосылуы. Түрік палуаны оның тектілігін танып:
«Есіміңе Қажы сөзінің қосылып, Қажымұқан атануыңа септігімді тигізгім келеді», — деп ниет білдіруі арқылы аңыздың жаңа есімі қалыптасады.
Сондай-ақ, Балуан Шолақ образындағы Ілес Көпбосыновтың көрермен залындағы балконнан ән шырқап шығуы — ұстаз бен шәкірт арасындағы құрметтің көркем бейнесі іспетті. Оның орындауындағы Біржан салдың «Он саусақ» әні сал-серілік мәдениеттің табиғатын аша түсті.
Махаббат лирикасы және символдық түйін
Спектакль тек күрес емес, нәзік сезімге де толы. Қажымұқанның орыс қызы Надеждамен (Фатима) танысуы және олардың арасындағы сезім акробатикалық нөмірлер арқылы өте нәзік жеткізілген. Палуанның тышқаннан қорқатындығы туралы қызықты деректің қойылымға енуі кейіпкерді көрерменге жақындата түсті.
Қойылымның соңы хэппи-эндпен емес, терең тебіреніспен аяқталады. Әке қазасын естіген палуанның мола басындағы монологы мен барлық медальдарын құлпытасқа байлауы — жетістіктің бәрі ата-ана батасынан екенін меңзейтін күшті символ. Финалда экран арқылы ұсынылған деректер — палуанның 480 келілік тас көтергені, түстерді ажырата алмауы және суды қасықпен ішкені — көрерменді аңыз адамның шынайы болмысымен бетпе-бет қалдырды.